МӘДЕНИЕТ

Саттархановтың анасы: "Олимпиадаға жібермегенімде, балам көз алдымда жүрер ме еді?.."

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек

Бүгін қазақтың даңқты боксшысы Бекзат Саттархановтың туғанына 44 жыл. Ол 1980 жылы 4 сәуірде киелі Түркістан қаласында өмірге келген. Атақты спортшы қарапайым отбасында тәрбиеленіп, спортты жанына серік етті. Әкесі Сейілхан, анасы Сырлыкүл апа тағдырдың талай тосын сыйына мойын ұсынып, Бекзаттың қиын тағдырымен келіскен. Себебі жас спортшы жұлдызы жанбай жатып өмірден ерте кетті. Bugin.kz порталының тілшісі Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл апамен сұхбаттасып, спортшының балалық шағына шолу жасады.

- Бекзат туғаннан ерекше бала болды. Дәрігерлер оның дүниеге келуіне рұқсат бермеген негізі. Әйтеуір, қарсы тұрып өмірге әкелдім. Маңдайында меңі болды. Төрт баламның сүт кенжесі еді. Тіпті 8 айлығында жүріп кетті. Соған сай ерке болып өсті. Оның мінезі қыз сияқты, жібектей нәзік еді. Одан боксшы шығар деп те ойламап едік. Дегенмен қайтпайтын қайсар, айтқанын орындататын еді. Оның мейірімі шексіз еді.

- Бәріне көмек беріп, қол ұшын созуға жақын ба еді?

- Иә, сыныптас балаларының ішіндегі бұзықтарымен жүрмейтін. Ол үнемі алға ұмтылып жүруші еді. Мектепке де ерте барған. Сыныптастарының арасында өте алғырлығымен танылды. Жанында жетім не жағдайы қиын достары болатын. Маған келіп: "Мынаны апарып берейікші, бір апта жейтін пирожкиге лайықтап ақша берейікші",- деп жүретін. Ол 1995 жылы 9-сыныбында спортқа бет бұрды.

- Боксқа деген қызығушылық қайдан пайда болды? Өзі нәзік, зерек, білімге құштар балада мұндай құбылыстар өте сирек болады ғой негізі.

- Ол заманның балалары үйде отырмайтын еді. Мектептен келеді де, 1-2 сағат сабақ оқып, көшеде ауыл балаларымен ойнаушы еді. Кейде көшеде балалармен сөзге келіп, төбелесіп қалады. Сосын маған мұңын айтып, жылап келуші еді. Сол сәтте есіктің алдына шығарып, кімнің ұрғанын сұрайтынмын. Төрт ұлыма да: "Не ана баламен достасып кел, не өзің сөйлесіп, жеңілсең де өзің шеш",- деп айтатынмын. Солай өсті бәрі. Достары да көп болды.

- Боксқа қызығушылық танытқанында сіз қарсы болмадыңыз ба?

- Отағасы спортты өте қатты жақсы көрді. Ол барлық дерлік спорт түріне қатысып шыққан. Ұлдар спорттық журналдарды оқып, осы салаға әбден қанық болып өскен. Ең үлкен екі ұлым "ағайынды Саттархановтар" болып күреске қатысты. Керемет жетістіктерге жетті. Мен оларға алаңдап: "Спортты қоя салыңдар",- дедім. Олар солай спорттан алыстап кетті. Үшінші ұлым боксқа қатысты. Ал Бекзат ағасының жанында жүрді. Мақсат балам өте мықты болып, Алматыдағы турнирде жеңіске жетті. Кейін ол ер жеткен соң боксты қоя салды. Себебі бұл спорт өте қиын еді. Бекзат ағасының жанында көрді ғой деп ойлаймын. 9-сыныпта маған келіп: "Мама, бокс секциясы ашылыпты, мені соған қатыстыршы, ақылы екен",- деді. Мен 3 айда соған қатыссын деп жібергенмін. Ол тренерлерді қарап, "мынаған ауыстыршы" деп өтініш жасайтын. "Қоя салшы" десем де, спортты тастамай, серік етіп алды. Негізі оның қызығушылығы өте жоғары болған екен. Екі айдан астам уақыт боксқа барып жүріп, Түркістандағы турнирге қатысты. Үйімізде сол байқаудан алған кубок әлі бар. "Түркістан – 95" деген кубок. Ол сол арманына жеткенше асығып, әбден дайындалған. Содан бастап спортты тастамады. 

- Спорт әлеміне қай жылы толық енді?

- 1996 жылы Қостанайдағы турнирде жеңіп шығып, одан әрі Жезқазғанға барды. Солай көзге түсіп, спорт әлеміне еніп кетті. Ол кезде небәрі 16 жаста еді. Біз оны тоқтатпадық.

- Спорттағы ерекше сәті болды ма?

- Бекзат 1996 жылы турнирде барлық тренер, жаттықтырушының көзіне түсті. Оны Қазақстанның басқа қаласына жібергім келмейтін. Шымкенттегі Анатолий Петрович деген жаттықтырушыға бердік. Сондай бір турнирлердің бірінде 17 жасында-ақ өзін мойындатып қойды. 

- "Әттеген-ай" деген сәттері болды ма?

- Өте көп кездеседі. Негізі спортшылар қандай дәрежеде болса да, мен Бекзатты елестетемін. Сол кезде оларға көңіл бөлінбеген. Жандары да қиналады, өздері де қиналады. Соның бірі – Бекзаттың турнирге барғысы келмеуі еді. Оның қолына көз жара шығып, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілген. Жаттықтырушысы оған көңіл бөлмейді. Бекзат олимпиадаға кетердің алдында жарысқа жолдама алып алған. Қостанайда болатын жарысқа қатысуға дәрігері рұқсат бермейді. Сонда да оның қолына былғары қолғап кигізіп, алаңға шығарған. Қолындағы жарасы қолғаптың ішінде жарылған. Денсаулығы сыр берсе де турнирде жеңіп шығыпты. Тренер тарапынан дұрыс көңіл бөлінбегеніне Бекзат ренжіп, ауылға қайтып келген. Ол жарысқа қатыспай, 3 апта үйде жатып алды. Жаттықтырушысының айтуымен мен баламды әбден көндіріп, Олимпиадаға жіберіп едім. Ол сол кезде Олимпиада чемпионы болып келді. Сол "әттеген-ай" осы жерден басталады. Енді мен анамын ғой. "Сол баланы көндірмегенде, ол чемпион болмағанда, көз алдымда жүрер ме еді?" деп ойлаймын... Жас еді ғой, әлі жетістіктері көп пе еді, ешкімнің көзі түспес пе еді деген ой болады. Бірақ кейінше "Алланың бұйрығы ғой" деп сабырға шақырамын өзімді.

P.S. Спортшы небәрі 20 жасында өмірден өтті. 2000 жылы 31 желтоқсанда ол туған қаласы Түркістандағы орталық алаңда өткен салтанатты шараға қатысып, "Жыл спортшысы" марапатын иеленген. Артынша кешкі уақытта ата-анасын мерекемен құттықтап, анасын құшақтап қоштасыпты. Бекзат олимпиада медалі үшін берілген қаржыға алған жаңа қымбат көлігіне мініп, үш адам болып Шымкентке жолға шығады. Жаңа жылға аз ғана уақыт қалған. Достары күтіп отырған үйге 40 шақырым қалғанда жол апатына ұшырайды. Машинадағы екі адам да тірі қалып, ауыр жарақаттанған Бекзат Саттарханов сол жерде өмірден өткен...