Bugin

"Ауыл түгел суға кетті". Баласына аудио хабарлама жіберген азамат мән-жайды айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде су тасқыны кезінде ер адамның баласына жазған хаты тараған болатын. Үйі құлап, көңілі құлазыған Ақтөбе облысының тұрғынымен Massaget.kz тілшісі тілдесіп, оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

TikTok пен Instagram-да тараған видео халықтың жан жүрегін елжіретіп, көпшілік түрлі пікір жазып, қолдаған.

"Қалайсың, балам, амансың ба? Әй, ауыл кетті, түгел кетті. Үй де кетті. Үйдің құлағанын көзіммен көрдім ғой. Балабақшаның төбесіне шығып қарап тұрдық. Ауылдың бүкіл үйі құлады. Қойлар Ойылда тәтенің үйінде, сиырлар Барқында, ат Барқында. Тікұшақпен көрдім, аман-есен, бірақ үйдің құлағанын көзіммен көрдім, дым қалған жоқ, опырылып, судың ішіне түсті. Су деген кәдімгі шатырға жетті ғой. Аман болайық, деніміз сау болсын", - дейді ер адам баласына әлеуметтік желіде тараған видеода.

Видеодағы ер адам - Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисенбин. Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғыны мән-жайды толық айтып берді.

"Екпетал ауылында тұрғаныма 53 жыл болды. Әке-шешемнен қалған қара шаңырақ еді. Үйдің кенжесі болғаннан кейін қара шаңырақты ұстап қалған жайым бар. Бала кезім - бәрі сол ауылда өтті. Ауылымыз суға кетіп, қазір аудан орталығында жатырмыз. Аграрлық колледждеміз. 29 наурыздан бастап осы жақтың жатақханасына орналастырды. Жалғыз Екпетал ауылы емес, Жаңабас, Берсиев елді мекендері жатыр. Суға кеткен үш ауыл", - дейді Самат Бисенбин.

Ол ауылды су басқанда күндіз-түні күзетте болып, жұмыс істеген. Ауыл тұрғынының сөзінше алыс-жақын аймаққа топан судың кіргенін естіп, барлық азаматтар сап түзеген. Судан қорғану үшін күндізгі ауысым, түнгі ауысым деп кезекке тұрған көрінеді. Алайда су тасқыны ешкімді аямаған.

"Ауылымыздан айрылып қалдық, су кіргізіп алдық, күшіміз жетпеді. Жартымыз гараждың үстіне, жартымыз балабақшаға қаштық. Мініп үлгердік. Ауылымызды су алып кетті. Шатырдың үстінде тұрып, ауылдың, үйлердің суға батқанын көзімізбен көрдік. Ауылда қалып қойған малдың, дүниенің суға ағып кетіп жатқанын - бәрін көзімізбен көрдік. Бізге көмек 11-ден кете келе бастады. Бірінші Жаңабас елді мекеніне көмек берілді. Қайық жіберді. Қайыққа жел, толқын кедергі болды. Одан көп көмек болмады. Оның көмегі: халықты бір жерге жинады. Одан кейін тікұшақ шақырттық. Ол да кешігіп келді. Әйтеуір адам шығыны болған жоқ", - деді Самат Бисенбин.

Аудио хабарламаны азамат өз ұлдарын елдегі жағдайдың қандай болып жатқанын білдіру үшін жіберген. Әбігерге түскен халық су тасқынынан бас сауғалауға асыққан.

"Өзім отбасылымын. Екі балам Ақтөбеде. Бір балам оқиды, бірі жұмыс істейді. Жұмыс істейтін балам 3-4 күннен бері менен хабар ала алмаған. Ағайын-тумам да хабар ала алмаған. Ауылда қызмет істеп жүрдім, 28-і күні мал шығару керек болды, адамдарды ауданға шығару керек болды. Солай көмектесіп жүргенде телефонымның қуаты таусылған. Телефон қарайтын уақыт та болмады. Аудан орталығына жеткеннен кейін барып телефонымды қосып, ағайын-тумама, балама жауап берген сәтім", - дейді.