Bugin

Имам ажырасуға жындар әлемінің үлесі бар екенін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Түркістан облысы Сайрам ауданының бас имамы, Сайрам аудандық "Ы.Иманалиев" мешітінің бас имамы Арыстан Оспанов oinet.kz сайтына сұхбат берген. Ол өз әңгімесінде айтқан қызықты жайт туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

Ол қоғамда етек жайға ажырасудың белеі алып кетуі туралы:

"Қарап тұрсақ қазақтың салт-дәстүрінің өзі тұнып тұрған шариғат. Ер мен әйел, ұл мен қыз, ағайын-туыс пен көрші-қолаңға дейін қатысты айтылған шариғаттар  мыңдаған жыл бойы біздің ұлтымызға сіңіп, салт-дәстүр болып қалыптасып кеткен. Сондықтан отбасылық мәселелердің барлығын шариғат пен қатар өз дәстүрімізден іздеуіміз керек. Бұл қазіргі таңда белең алып тұрған ер мен әйелдің қатынасы, ажырасуға да қатысты. 2022 жылғы статистика бойынша 100 мың отбасының 40 мыңы ажырасып кеткен деген мәліметті оқығаннан кейін жүрген жерімізде отбасы құндылығын айтып жүретін болдық. Бүгінгі қоғамда шаңырақтың шайқалуына  көптеген жағдайлар әсер етуде. Біріншісі ол отбасыда еркек пен әйел өз орнын білмегендіктен ұрыс-керіс туындайды. Бір мысал айтайын. Менің жақсы бір ағам бар.  Ол кезде әкесі мен анасы тірі болатын. Сол кісі анасының ба әлде әкесінің бекен туған күнінде "Әке, ана,  осы күнге дейін біз сіздердің  "әй" деп бір-біріңізге дауыс көтеріп, ұрысқандарыңызды  көрмедік. Осындай тәрбие бергендеріңіз үшін рахмет!" деді. Ия бәрімізде ата-анамызға рахмет айта аламыз. Бірақ не деп? "Мені өсіргеніңіз үшін, оқытып, тоқытқаныңыз үшін" дейміз. Бірақ жоғарыдағы сөздерді айта ала ма? Жоқ. Себебі көпшілік ата-аналар  баланың көзінше ұрысып, қырыла береді. Ішіп келіп үйінде «концерт» қоятын әкелер де бар. Мұның барлығы көріп өскен бала ертең өзі де отбасы болғанда осы қателіктерді қайталайды. Айтқым келгені отбасыда ер өзінің орнын білмей, міндетін толық атқармаса,  әйел де орнын білмей басқа шапса береке қашады. Қазақтың дәстүрінде ер мен әйелдің отбасыда өзінің орны мен міндеттері бар. Ал мұны қазіргі отбасылар ескере бермейді",-деді. 

Ол кейбір адамдарға жұбайы жаман болып көрінетініне жындардың да қатысы бар деген көзқараста. Бұл пікірі туралы:

"Қазақта "Тектіден қыз алсаң ошағың сөнбейді, жиынның ішінде сөзіңді бөлмейді. Ал тексізден қыз алсаң басыңа өрлейді, санасыз сабырсыз айтқанға көнбейді" деген керемет сөз бар.  "Мал таппайтын еркек жоқ , құрарын айт, бала таппайтын әйел жоқ тұрарын айт" дегені тағы бар. Яғни шаңырақтың мерейін кіргізетін әйел заты. Еркектің тапқан азды-көпті табысын орнымен жұмсап, Құдайдан берекесін сұрап жеткізетін   әйелдер. Қазіргі  таңда әлеуметтік желіде жылтыраған дүниесін  күллі елге көрсететіндер көбейді. Оны көрген әйел "пәленшеге күйеуі қымбат көйлек әперіпті, анау көлік сыйлапты, тағы бірі бриллиант беріпті" деп күйеуіне айтады. Телефонның ішіндегі дүниені көрген әйел қолдағы барға қанағат етпейді. Ал бірақ өзінен де тұрмысы төмен отбасылардың барын көрмейді. Міне, осындай ақпараттар да ажырасуға себеп болып отыр.    Жастардың ажырасуына кейде үлкендер себеп болып жатады. Мәселен ұлының кемшілігін көрмей тек келінін жамандай беретін енелер бар. Керісінше қызының кемшілігіне көз жұма қарап, күйеу баласын жаман дейтін аналар да жоқ емес. Келін мен күйеу баладан кемшілік іздей бермей ұл-қызға, келінге дұрыс тәрбие, бағыт беріп, қолдап отыру керек.   Халқымыз қызды қырық үйден тыйып отырған. Себебі қызға күйе жағылса кетуі қиын. Әке-шешесі қызды барынша жан-жақтан қадағалап, өсіріп, артынан жаман сөз ермей, аман-есен тұрмысқа шығып кетуін тілеген.  Сол себепті қызды жастайынан тазалыққа, инабаттылыққа, имандылыққа  тәрбиелеген. Ал бүгінгі ата-аналар ұл мен қызға қарапайым ғана ғұсыл алуды үйрете ме? Балиғат жасына жеткен ұл мен қыз ғұсыл алып жүруі тиіс. Білесіз бе, ғұсылы жоқ балалар шайтанның алдында қорғансыз болады. Шайтан күн батқанда  әжетханада, қоқыстарда және арақ ішіліп жатқан жерлерге көп жүреді. Егер 12-13 тегі балалар қараңғыда сол жерлерді басып қойса шайтан оларға жабысып алады екен.  Жүре келе ертең ұл үйленіп, қыз тұрмысқа шыққанда шайтан оларды быт-шытын шығарып, ажыратып тынады. Бұл дәлелденген нәрсе. Ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардан "Не болды?" деп сұрасаң "Мынау көзіме жаман болып көрінеді" дейді. Ер мен әйелді шайтан бір-біріне осылай жек көрінішті етіп тастайды. Сондықтан бүгінгі отбасылардың ажырасуына жындар әлемінің де үлкен үлесі бар",-деп айтты.