Bugin

"Теріскейге көмекке барған": зейнет жасына 1 ай қалған өрт сөндіруші қайтыс болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Otyrar.kz

Сайрамдық өрт сөндіруші зейнет жасына 1 ай қалғанда мерт болды. Ол Түркістан облысынан Теріскейдегі су тасқыны қауіп бар аумақтарға көмек көрсетуге аттанған. Алайда іс сапар барысында жүрегі сыр беріп, ауруханаға түсіпті. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінгі күннің батыры Бекжан Балданов зейнет жасына 1 ай қалғанда қаза тапты. Ол 29 наурызда Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстандағы су тасқыны қауіп бар аумақтарға көмек көрсету үшін аттанған. Алайда жанын салып, көмекке асыққан азаматтың 1 сәуір күні кешке жүрегі сыр беріп, ауруханада көз жұмған.

Қара жамылған келіншек отағасының жұмысына деген адалдығы ерекше еді дейді. Тірегінен айрылған Индира Наурызбаева марқұмның іс сапарға шығарда балаларын қатты уайымдап кеткенін айтады.

Марқұмның әйелі Индира Наурызбаева:

"Алла аузына салған шығар бала-шағам саған аманат деп қайта-қайта айтып кетті. Түнде жатқанда да шұғыл шақырылым деп қаншама суға да, отқа да барды ғой. Бұлай болады деп ойламадық. Арманда кетті. Арманымыз көп еді. Дәл сол күні кешкі 5-терде сөйлестім. Бәрі жақсы деп тез-тез сөйлесті. Қолым тимей жатыр тез көмек беруіміз керек деген. Одан кейін сөйлеспедік", – дейді.

Азаматтық қорғау прапорщигі ширек ғасырға жуық ғұмырын өрт сөндіру саласына арнаған. Соңғы жылдары №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі қызметін атқарыпты. Өзімен бірге 20 жыл бір бекетте жұмыс істеген қатарластары марқұмды өз ісіне берілген азамат еді деп еске алады. Тіпті өрт кезінде Ықтияр Тәжіқұловтың өмірін сақтап қалған көрінеді.

Өрт сөндіруші Ықтияр Тәжіқұлов:

"Кезекшілікке шыққан кезде әр түрлі жұмыс шығады. Бір күні өртке шыққанбыз. Мен өртті өшіріп жатқанмын. Оқпанмен су шашып тұрғанда байқамай қалған екенмін. Сол кезде Бекжан Балданов көріп қалып, мені тартқан кезде шатыр құлап кетті. Осылай мені өлімнен аман алып қалды. Өте жақсы еді. Әзілдеп жүретін еді. Отбасымызбен араласатынбыз", – дейді.

Бекжан Балданов жұмыстың қиындығына қарамастан Сайрам ауданының мамандарын бастап Теріскей өңіріндегі Тайынша ауданына аттаныпты. Қазір марқұмың жеке заттары мен жұмыс киімі демалыс орнында сақтаулы тұр. Ал бөлім қызметкерлері прапорщигі бар білген түйгенін үйретуден ерінбейтін еді дейді.

Сайрам ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Бақыт Нұрлыбеков:

"Бекжан әріптесіміздің демалатын орны мұнда төрде орналасқан еді. Қазір бос тұр. Жеке заттары сақтаулы сөресі қазір құлыптаулы тұр. Ал түскі ас кезінде бәріміз жиналып отырып, тамақ ішетінбіз. Ағамыз ретінде осында отырып, ақылын айтатын. Жас жігіттерге өртті қалай сөндіру керек кеңестерін айтып отыратын", – дейді.

Бекжан Балдановтың денесін барша әріптестері әуежайдан құрметтеп күтіп алып, жер қойнына тапсырды. Ел үшін жанын аямаған азаматтың артында кәмелетке толмаған 5 баласы қалды. Оның кішісі небәрі 4 жаста. Ал өзі армандаған баспанасын толық салып үлгермепті.