Саясат
Нотр-Дам де Пари ғибадатханасын өрт шалды
15 сәуір күні кешкісін Париждегі Нотр-Дам де Пари шіркеуінде өрт шыққан болатын. Соның салдарынан ғимараттың төбесі, шатырұшы және сағаты құлады. Ғимараттың басым бөлігі өртеніп кетті. Өрттің не себептен шыққаны әлі анықталмады. Алдын ала хабарлау бойынша өрттің шығуы, жөндеу жұмыстарымен байланысты болуы мүмкін. Қазіргі уақытта өрт толықтай сөндірілді.
Полиция Сите аралындағы собор және қаланың тарихи ауданы орналасқан кеңістікті қоршауға алды. Жақын ғимараттар мен тұрғын үйлердегі адамдар қауіпсіз жерге көшірілген.
Саясаткерлер не деді
Франция
Франция президенті Эммануэль Макрон Франция халқына жасаған жолдауында: «Мен барлық француздарға, отандастарыма үндеу жасағым келеді. Норт-Дам – біздің тарихымыз, біздің әдебиетіміз, біздің қиялымыз. Эпидемиялар, соғыстар, бостандығымыз секілді ең елеулі оқиғаларды басымыздан өткізген жеріміз. Бұл біздің өміріміздің орталығы».
«Біз Соборды қалпына келтіреміз, бұны барша француздар күтіп отыр. Бұл біздің тарихымызға лайықты және біздің тағдырымыз», – деді.
Франция премьер-министрі Эдуар Филипп, өрт сөндірушілердің іс-әрекетін жоғары бағалап: «Біздің қайғымызды сөзбен жеткізе алмаймыз, біз әлі де күрестеміз. Бүгін кешке өрт сөндірушілер өртке қарсы ерлікпен күресуде. Олар әлі де сақтауға болатын заттарды, сақтап қалу үшін күресіп жатыр» - деді.
Германия
Германия канцлері Ангела Меркель өзінің хатшысы арқылы, келесі сөздерді жеткізді: «Өртеніп жатқан собордың бейнесін көру өте ауыр. Нотр-Дам Франция мен біздің еуропалық мәдениеттің символы. Біз француз-достарымызбен біргеміз».
Ұлыбритания
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй: «Менің ойларым – Франция халқымен және Париж құдай ана соборындағы сұмдық өртпен күресіп жатқан жедел қызмет күштерімен бірге» - деп айтты.
АҚШ
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің «Twitter» парақшасында: «Париждеге құдай ана соборындағы алып өртті көру сұмдық көрініс. Өрт сөндіруші ұшақтар арқылы сөндіріп көру керек. Жедел қимылдау керек» – деп жазды.
Кейінірек белгілі болғандай, Франция үкіметі өрт сөндіру ұшақтарын, собор ғимаратының толығымен құлап қалу қаупі болғандықтан қолданбаған.
Анықтама
Норт-Дам де пари немесе Париждік құдай ана соборы – Франция астанасының символдарының бірі, әлемдік мәдениет ескерткіші. Ол Париждің қақ ортасындағы Сите аралында орналасқан. 1163-1345 жылдар аралығында салынған.