МӘДЕНИЕТ

"Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" қойылымы театрға қайта оралды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі

2024 жылдың  11 сәуір күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" қойылымы премьерасының жабық көрсетілімі болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

"Қозы Көрпеш – Баян сұлу" спектаклі араға жылдар салып, Мұхтар Әуезов театрында қайта сахналанып отыр. Түркі жұртына ортақ қазына деп танылған тарихи туындыны демеушілік жасап, қарашаңыраққа қайтарған – Bayan Sulu кондитерлік фабрикасы.

"Үлкен бизнес өкілдерінің өнермен, оның ішінде театрмен әріптестік негізде жұмыс істеуі Қазақстанда көп кездесе бермейді. Дегенмен биыл ұлы Ғ.Мүсіреповтің шығармасын "Баян сұлу" компаниясының демеушілігімен сахналайын деп отырмыз", - деді М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры Жуасбек Еркін.

Махаббатына адал қос мұңлықтың оқиғасын ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов кезінде өз пьесасына өзек еткен еді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 1940 жылдың 29 сәуірінде алғаш көрерменге ұсынған туынды бүгінгі күнге дейін үлкен сұранысқа ие. Махаббат символына айналған Қозы мен Баян өздерінің шерлі тарихы мен сезім сырын тағы бір мәрте бөліспек. 

"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" дастаны – қазақ әдебиетінің құнды мұрасының бірі. "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" оқиғасы риясыз махаббат, қатігездік, достық, шынайылық секілді қасиеттерді паш етеді. Ал негізгі идеялық-мазмұны – сол дәуірдегі жастардың бірін-бірі сүйіп, қосылуды арман еткен тілек-мүдделері болмақ.

"Қара шаңырақ өнерден шашу шашып жатыр. Қаншама жылдық тарихы бар, біздің алтын жауһарымыз, ұлы Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" спектаклі қойылып жатыр. Бұл Кеңес Одағы кезінде "Ең үздік" деп танылып, Еуропаны аралаған. Алтын ғасырды көрген Әубәкір Рахимов қойылымды жастармен заманға сай қайта сахналап жатыр. 1000 жылдықта Әзірбайжан Мәмбетовтің қойылымында мен Қодардың рөлін ойнаған едім. Бүгін менің ұлым Иманғали Мәзімбаев та осы қойылымда Қодардың рөлін сомдайды", - деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" ордені, "Парасат" орденінің иегері, актер Болат Әбділманов қуанышын бөлісті.

Тарихы терең туындының ғұмыры да ұзақ болмақ. Театр директоры қойылымға, әсіресе, жастардың қызығушылық танытқанын айтты.