ҚОҒАМ
Фото: Bugin.kz
Биыл еліміздегі су тасқынынан Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары зардап шегіп жатыр. Bugin.kz тілшісі құрғақшылықтан зардап шегетін Орта Азияда су игеру және пайдалану қаншалықты жолға қойылғанын зерттеді.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Орталық Азия елдерінің санатына жатады. Бұл аймаққа шөлейт және шөл ланшафт тән.
Қазақстан: 45 адам қаза тапқан су тасқыны
Қазақстанда су тасқыны жыл сайын болатын сценарийге айналып кеткендей. Ең ірі су тасқыны 2010 жылы 12 наурызда Қызылағашта болды. Ол кезде 45 адам қаза тауып, 251 үй бұзылды. Тасқынға ауыл маңындағы бөгеттің жарылуы себеп болған еді. Қыркүйек айына дейін зардап шеккен үй иелеріне жаңа үйдің кілті табысталған.
Төтенше жағдай министрлігінің дерегінше, азаматтық қорғау қызметтері 108 200 адамды құтқарды.
Биылғы су тасқынынан 38 706 бала құтқарылды. 11 950 адам үйлеріне оралды. Су астында 5 411 жеке тұрғын үй қалып жатыр.
Уақытша орналастыру пункттерінде 7 444 адам, оның ішінде 3 111 бала бар.
9,4 млн. м3 астам еріген қар суы сорылды, 2 млн. астам қапшық пен 1,2 млн. тонна инертті материал төселді.
Өзбекстан: қара суықта баспанасыз қалғандар
Өзбекстанда жалпы 55 су қоймасы бар. Сардоба – 2010 жылы құрылысы басталып, 2017 жылы қолданысқа берілген су қоймасы. Оның міндеті – Өзбекстанның екі бірдей обылысының суармалы егістігін сумен қамтамасыз ету. Оны Өзбекстан үкіметі 404 миллион АҚШ долларына салып бітірген.
2020 жылдың 1 мамырында сағат 05:55-те су қоймасы бөгетінің 6-пикет қабырғасынан су ағып, ағын арта бастады. Соның салдарынан Қорғантепа ауылын су басты. Қорғантепа тұрғындары Бірлік кентіне көшірілді. "Қорғантепа", "Достлик", "Юртдош", "Навбахор", "Хақиқат", "Бахористан" ықшамаудандарын су басып, тұрғындар эвакуацияланды. Сонымен қатар "Ахиллик", "Шодлик", "Сахават", "Навои", "До'слик", "Көрқамдияр", "Ташкент", "Янгихаят", "Абад", "Мұстакам" ықшам аудандарының тұрғындары, Ахолтын ауданы Джизак облысының Гагарин қаласына көшірілді. Мирзаабад ауданына қарасты "Беруний", "Пахтаабад", "Балықчи", "Хақиқат", "Бахористон", "Янгиовул", "Донғарик" ықшам аудандарының тұрғындары Янгиер қаласына көшірілді. Су қоймасынан асқан су ағыны Ақалтын ауданы арқылы өтетін Абай арнасына құйылып, Арнасой көлдеріне жіберілді. Сардоба ауылының тұрғындары да Гагарин қаласына көшірілді. Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, су тасқынының бірінші күні 11 598 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 2 мамырда 60 450 адам эвакуацияланды. Су тасқынының салдарынан 4 адам қаза тапты, 1 адам хабарсыз кетті, 2570 аула, 76 көпқабатты үй қирап, 1781 аула, 52 көпқабатты үй ішінара зақымданды.
Ресми мәліметтерге қарағанда, су тасқынынан зардап шеккен 4500-ден астам үй иесінің әрқайсысына мемлекеттік бюджеттен 40 миллион сумнан бөлінген, бірақ барлығы бірдей бұл ақшаны ала алмаған.
Өзбекстанда сол кезде құны 855,4 млрд сумға 2640 пәтерлі 86 көпқабатты үй салынды.
Тасқын Қазақстанның Түркістан облысына да зиян келтірген. Мақтарал ауданындағы 10 ауылды су басқан еді. Бірақ Өзбекстан үкіметінен Қазақстандағы жауапты тұлғаларға қоңырау соғылып, елге қауіп жоқ деген хабар айтылған. Сондықтан халықты эвакуациялау кешіккен. Кейін көрші ел билігі бүлінген жерлерге техника жіберіп көмек берген. Өзбекстандық "Азаттық" радиосы оқиғадан соң қысқа дейін тұрғындар жаңа үйге кіре алмай, қара суықта далада қалып қойғаны туралы дабыл қаққан. Қазақстандағы судан жапа шеккен Мақтарал ауданындағы үйлердің құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталды.
Журналист Жаҳонгир Муҳаммад: "Кеше салынған су қоймаcының сапасы осы болса, ертең салынатын АЭС-тің тағдыры қалай болады", - деп шағымданған еді.
Тәжікстан: 24 адамның өмірін жалмаған трагедия
Орталық Азиядағы тұщы су қорының 60 пайызы Тәжікстанда шоғырланған. Тәжікстан аумағында барлығы 600-ге жуық өзен мен уақытша су ағындары (басқа деректер бойынша 1000-ға жуық) бар. Олар Орталық Азиядағы ең ірі Әмудария және Сырдария бассейндеріне кіреді. Ең ірілері – Әмудария, Сырдария, Вахш, Пянж және Зеравшан – Тәжікстан тауларынан бастау алады. Тәжікстан су қоры бойынша әлемде үшінші орында тұр.
Тәжікстандағы электр энергиясының 95 пайызы су электр станцияларында өндіріледі. Оларда 9 су қоймасы бар.
2010 жылдың 7 мамыр түнінде Тәжікстанның оңтүстігінде жауған нөсер жаңбыр салдарынан үлкен су тасқыны мен лай көшкіндері болып, кемінде 24 адам қаза тапқан.
Душанбеден оңтүстік-шығысқа қарай 195 шақырым жерде орналасқан Куляб қаласы мен оның төңірегінде нөсер жауып, Тебалай өзені арнасынан асып, су тасқыны мен лай көшкіні болған.
Елдің халқы тығыз орналасқан оңтүстігінде 500-ге жуық тұрғын үй, 500 шақырымнан астам жол, 100 шақырымнан астам электр желілері, ондаған муниципалдық ғимарат пен көпір толығымен қирап қалды.
Елде 15 мамырда бүлінген үйлердің орнына жаңа құрылыс басталды. 2010 жылы Тәжікстанда 616 үйдің тасқыннан зардап шеккені белгілі болды. Кулябтан басқа аймақтардағы зардап шеккен үйлер тұруға жарамды болып, сақтандыру қорының есебінен төлем алған. Тамыз-қыркүйек айында 500 отбасы жаңа үйлеріне қоныстанып үлгерді. Қыркүйек айының соңына дейін басқа үйлер де аяқталған.
Бірақ 93 пайыз тауда орналасқан мемлекет үшін тасқын, сел қалыпты жағдай. Жыл сайын сел қаупінен тұрғындар зардап шегеді.
Қырғызстан: 1 отбасының 6 адамы қаза тапқан
Орталық Азияның тұщы су қорының 40 пайызы Қырғызстанда. Қырғызстанның су ресустары қызметінің ресми сайты елдегі судың 90 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатында жұмсалады деп дерек берген. Көршілес елде жалпы 30 мың өзен, 8000 мұздық бар. Бұл мұздықтар Орталық Азияның тұщы су қорының басым бөлігін құрайды. Қырғызстан – таулы ел.
Қырғызстанда 2023 жылдың тамызында Ыстықкөл облысының Түп ауданында сел үш ауыл мен ішкі жолдарды басып қалды.
Толассыз жауған жаңбырдан болған су тасқынына байланысты Талды-Суу, Корумду және Коочу елді мекендерінде төтенше жағдай режимі енгізілген. Селден 92 тұрғын үй, жертөле және тұрғын үй аумақтары, ауыл шаруашылығы алқаптары мен ішкі жолдар су басу аймағында қалды.
2021 жылы 13 шілдеде Жалал-Абад облысы, Ақсы ауданы, Ақ-Жол ауылдық округінде сел жүріп, сегіз адам қаза тапқан. 6 адам қаза тапқан отбасыға 1 миллион қырғыз сомы мен 1 адам қаза тапқан 2 отбасыға 100 мың сом өтемақы берілген.
P.S. Орталық Азиядағы Тәжікстан мен Қырғызстандағы сулы сел болғандықтан, аталған тізімге енді. Егіншіліктің өзіне тамшылап суару әдісі енгізілген қоғамда тасқын, сел суларын игеру технологияларын игеру қажеті бар сияқты. Салған су қоймалары жарылып кетіп отырған Орта Азия елдері АЭС-ті қалай игерер екен...