Bugin
Фото: depositphotos
Орал қаласында өзіне қол жұмсаған 15 жастағы баланың денесі табылды. Оқиға 8 сәуір күні орын алған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті студенттің мәйіті үйдің ауласындағы қосалқы ғимараттан табылғанын хабарлады.
Жергілікті “Мой Город” басылымы суицид жасаған марқұмның әкесімен тілдескен. Ер адам ұлының тоғызыншы сыныпта оқығанын айтты.
— Ол біздің отбасымыздағы екінші бала. Ұлым ақылды, көңілді, ашық жарқын бала еді. Жақсы оқыды, достары көп болды. Былай айтқанда ортаның сәні еді. Көрші балалармен араласатын. Өзге жасөспірімдер сияқты қатарластарымен, сыныптастарымен дос еді. Ол тәрбиелі және ашық болатын. Спортпен айналысқан. Егер оған ақша керек болса менен немесе анасынан ашып айтып сұрайтын. Дүкенге барып ақшасын қарындастарына тәтті алуға жұмсайтын. Дүкеннен тәттілерді алып әрі қарай сату үшін қарызға алған кездер де болған. Ол оларды (қарындастарын - ред.) шексіз жақсы көріп еркелететін. Оларға үнемі қамқор болатын, - дейді жасөспірімнің әкесі.
Қайғылы жағдай орын алған күні әкесі жұмысқа кетерінде баласының ұйықтап жатқанын ғана көрген. Үйіне қайтып келген есік алдында жедел жәрем мен полиция қызметкерлері болған.
— Анасы оны қорада асылған күйінде тауып алған. Мен оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екеніне сенбеймін. Полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр. Мұнда балаларды қалай тәрбиелеу керектігі туралы кеңес жоқ. Ұлым махаббат пен берекеде өсті. Оның қолында бәрі болды. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң колледжге түспек болды, – дейді қайғыдан қан жұтқан әке.
Тәртіп сақшылары бұл факті бойынша тергеу жүріп жатқанын атап өтті.