Bugin
Фото: muratsaveliev парақшасындағы видеодан скриншот
Туған анасын іздеп жүрген Жәнібек асырап алған анасымен бірге өзекті сұрақтарға жауап берді. Бұл турлы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.
Жәнібекті Арқалықтан асырап алған Валери елге келмей бала туралы қайдан білгені туралы сұраққа жауап берді:
“Бельгияда танысқан келіншек арқылы мен Арқалықтағы балалар үйімен хабарластым. Балалар үйі маған асырап алуға Жәнібекті, яғни сені ұсынды. Мен Қазақстанға келмей тұрып, Бельгияда-ақ электронды пошта арқылы жалғыз Жәнібектің фотосы мен мәліметін алдым. Одан кейін Арқалықтағы балалар үйіне барып, балаларды көргенде, Жәнібекті білмейтін, танымайтын адам құсап, қай баланы асырап алатынымды біліп келсем де, білмегенсіп, бала таңдағандай өтірік істеп тұрдым. Өйткені маған солай істе деп айтты”,-деді.
Валери Астанаға дейін ұшақпен ұшқан. Бұрын келмеген жат елде ол Арқалыққа қалай барғаны туралы:
“Арқалыққа мені екі ер адам көлікпен апарды. Шынымды айтсам, қорықтым. Сол екі ер адам мені ***** (әйелдің есімін айтқан кезде, дыбысты басып тастайды - ред.) деген әйелдің үйіне дейін жеткізді. Ол әйелдің кім екенін біраздан кейін айтып беремін. Сол үйде түнедім. Мен Бельгиядан бірден Астанаға бармадым. Алдымен, Алматыға қонып, сосын Астанаға бардым. Солай арзанға түсті”,-деді әйел.
Жәнібек асырап алған анасынан неліктен Қазақстанда балалар үйі көп болса да, Арқалықтағы балалар үйін таңдағанын сұрады. Әйел ойланып:
“Қазақстандағы қай балалар үйінен бала асырап алсам екен деп таңдауға мүмкіндік болған жоқ менде. Бірақ мен қандай бала асырап алғым келетінін айттым. 2-3 жасқа дейінгі ұл бала асырап алғым келді”,-деді әйел.
Жәнібек асырап алған анасынан: "Бельгиядан Қазақстанға келмей тұрып бала асырап алуға қомақты ақша қажет екенін білдіңіз бе?" - деп сұрады. Әйел ақша беріп бала алғанның заңсыз екенін біліп-білмейтіні туралы сауалға:
“Жағдайдың солай болғаны үшін кешірім сұраймын. Мен сені асырап алу үшін 12 мың АҚШ долларын төледім. Бала асырап алу үшін ақша беру керегін Бельгияда тұрғанда білдім. Бірақ оның заңсыз екенін білмедім. Өйткені мен Арқалыққа барғанда, Америкадан келген басқа отбасыны көрдім. Олар 20 мың АҚШ долларын қолма-қол төлеуге мәжбүр болды”,-деп тағы бір жағдаяттың бетін ашты.
Жәнібек асырап алған анасынан ақшаны кімге бергені туралы сұрады. Әйел бұл жолы тегін білмейтінін айтып, адам есімін атайды. Ол ағылшын тілін жақсы меңгерген екен. Бірақ балалар туралы асырап алған адамдардан сұрамаған. Валери 12-13 жасында Жәнібек қиналып жүргендіктен ол адамға хабарласқан екен. Бірақ баланы алып берген әйел көмектеспеген.
Бельгиялық әйел баланы арнайы ұйымның көмегінсіз делдал арқылы асырап алған. Валери 2 ай Қазақстанда болып, бар құжатын реттеп баланы асырауға алған.
Анасы Жәнібекке:
“Мен сенің туған анаңды америкалық іздеу компаниясы арқылы тапқым келді. Бірақ ешбір дерек табылмады. Бір күні сен туған анаңды құшақтап, арманыңа жетесің деп үміттенемін”,-деді.