Bugin
Фото: ТЖМ
Батыс Қазақстандағы су қоймалары 77% толғаны белгілі болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі су қоймаларының жағдайына туралы баяндады.
Оның сөзінше Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 100% толған.
"Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, салалары тұрақтанды. Кеше тасқын суы «Альва» суару жүйесінің «Ескі грейдер» бөгетінен асып кетті. «Қазсушардың» және жергілікті тұрғындардың күшімен тасқын тоқтатылып, Қараөткел кентіне төнген қауіп сейілді. Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100% толы. Өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр, бұзылу қаупі жоқ. Су тораптары көп факторлы тексеруден өтті, нысандардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық", - деді ол.
Қазір Есіл өзенінің Петропавл қаласының аумағындағы деңгейі 1330 сантиметрге жетіп, бір тәулікте 27 сантиметр көтерілген болатын.
"Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 97%. Өңірдегі жағдай тұрақты. Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші шамамен 80% болды. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 83% толды. Өңірде су тасқыны жалғасып отыр. Шүлбі су қоймасына су жіберу жұмысы жалғасып жатыр. Ертіс қасбетінің су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Батыс Қазақстан облысында төрт ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 77%. Иреклі су қоймасынан жіберілген су әзір Қазақстан шекарасына жеткен жоқ. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп болжанып отыр. Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98% толы, өңірде су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Жағдай тұрақты. Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 93%, мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмысын жалғастыруда. Барлық нысанда тәулік бойы кезекшілік жалғасып жатыр. Сағат сайын су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізіледі", - деді Мөлдір Әбдуалиева.