Bugin
Фотоколлаж: Bugin.kz
Желіде бұрынғы полиция қызметкері Александр Кимнің бұрынғы әйелін ұрып қашып бара жатқан видеосы пайда болды. Салтанат есімді әйел соққы алғаннан кейін аулада кеудесін ұстап жатып қалған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Агрессия танытқан ер азамат кейін желіде бейнеүндеу жариялап өз әрекетін қызғаныштан деп түсіндірді. Ол бұрынғы әйелінің телефонындағы бейтаныс еркекпен түскен суретін тауып алған-мыс. Ким Салтанатты ұрмағанын және әйелдің бетінде көгерген жерлердің жоқ екенін алға тартқан. Десе де бейнежазбада әйелдің соққыдан жерге құлап кеудесін ұстап жатып қалғаны анық көрінеді.
Нәтижесінде бұрынғы полиция қызметкері 25 тәулікке қамауға алынды.
"Бұрынғы жұбайына дене жарақатын салған ер адам ұсталды. Сот шешімімен ұрып-соғып, басқа біреудің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін ол әкімшілік қамауға алынып айыппұл салынды. Құқық бұзушы қамауға алынды", - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Балалар қорғауда" жеке қорының басшысы Жанна Ахметова ер адам бұрын Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасында жұмыс істегенін хабарлады. Оның айтуынша, бұған дейін бірге тұрған кезінде ер адам Ақботаеваны ұрып үлгерген.