БІЛІМ
Фотоколлаж: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
XIII ғасырдың басында Солтүстік Хиндустан, Иерусалимнен Каирге дейінгі жерлер және бүкіл Әзірбайжан Айбек, Бейбарыс және Шамс ад-Дин Ильдегиз есімді үш құлға тиесілі болды. Bugin.kz тілшісі жарты әлемді жаулаған үш ұлы құл қызық деректерді ұсынады.
Айбек әмір
Әюбилердің сегізінші сұлтаны әс-Салих ел билеген кезде Айбекті "әмір", яғни қолбасшы лауазымына тағайындайды. Ол халықтың жадында Айбек әл-Түркмени деген атпен қалады. Айбек сұлтан қолы ашық, жомарт болса да, египеттіктер оны аса жақтыртпаған.
1250-1257 жылдары Египетті басқарған тұсында Әюбилермен шайқасып, жеңгені оның Мысыр билеушісі ретіндегі абыройын асқақтата түсті. 1257 жылы Лулуға, яғни, Мосул әміршісі Бадр ад-Диннің қызына үйленеді. Бұл әрекеті Шаджар ад-Дурр ханымды ызаландырады. Осылайша, Айбек әл-Түркмени 60 жасында қасақана жасалған қастандықтың кесірінен өмірден өткен.
Сұлтан Бейбарыс
Сұлтан Бейбарыс (араб тіліндегі толық аты-жөні - әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дин Бейбарыс I әл-Бұндуқтари әс-Салих) 1223 жылы Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келген. Қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан. Туған жері – қазіргі Атырау облысы. Шамамен 1240 жылдары моңғол шапқыншылығы кезінде 800 дирхамға сатылған. Оны әмір Айдакин Бұндуқдари сатып алып, дәстүр бойынша жаңа мәмлүк "Бейбарыс әл-Бұндуқдари" деп атайды.
Бейбарыс тек қыпшақ тілінде сөйлеген, ал араб тілдес халықтармен байланыс орнату мақсатында тілмаш жалдаған. Бейбарыс сұлтан Египетті 17 жыл, яғни, шамамен 1260-1277 аралығында билеген.
Бейбарыс 1265 жылы Сафадты, 1268 жылы Антиохияны, 1271 жылы Хисын Әл-Аккрадты, ал 1267 жылы Армян Киликиясын азат етті. Мысыр мемлекетінде оған дейін басқа да әміршілер болғанына қарамастан, араб әлемінде Сұлтан Бейбарысты Мысыр мемлекетінің негізін салушысы деп санайды.
Әйгілі сұлтан билік еткен кезде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған.
Бейбарыс сұлтан 1277 жылы Дамаск қаласында өмірден өтіп, аз-Заһариа кітапханасы күмбезінің астына жерленді.
Шамс ад-Дин Ильдегиз
Шамс ад-Дин Ильдегиз – қазіргі Әзірбайжан мен Иранның солтүстігінде (Оңтүстік Әзірбайжан) билік еткен түркі Ильдегизидтерінің ортағасырлық мұсылман әулетінің негізін қалаушысы (1136-1175). Ол – Әзірбайжанның 1-ші Ұлы Атабегі. Шамс ад-Диннің балалық шағы туралы деректер өте аз. Сұлтан Махмуд (1118-1131) басқарған кезде сатылған қырық құлдың ішіндегі ең кенжесі Ильдегиз болды.
Шамс ад-Дин Ильдегиз XII-XIII ғасырларда Әзірбайжанда, Иранда және Закавказьенің басқа аймақтарында билік еткен Ильдегизидтер әулетінің билеушісі болды. Ол Армян корольдігі мен Грузия сияқты көрші билеушілерге қарсы сәтті жорықтар жүргізген әскери қолбасшы және стратег ретінде танымал болды. Оның билігі кезінде Ильдегизидтер әулетінің әлеуметтік, экономикалық жағдайы ілгеріледі және ол әулет тарихта ең елеулі билеушілердің бірі болып қалды.
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева