Bugin

Қазақ тілін қорлаған бойжеткен сотталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: elitar.kz

Алматы соты әлеуметтік желіде қазақ тілін қорлаған қызды 2 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

21 жастағы Элина Лю есімді желі қолданушысы Тик-Ток әлеуметтік желісінде тікелей эфирде ұлты, діні туралы сұраған оқырманына жауап берген. Элинаны қарап отырған көрермен оған балағат сөздерді пайдаланып, қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен көрінеді. Осы сәтте Лю қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, "ауылдан келген мәмбеттер ғана сөйлейтін балағат сөз" дейді. 

Эфирден үзінді желіде тарап, көптің ашуын туғызған. 

Ал сот отырысында қазақ тіліне тіл тигізген бойжеткен мемлекеттік тілді білмегендіктен желі қолданушылары оның Қазақстаннан кетуін талап еткенін мәлімдеді. Ол сол сәтте "арандатушылыққа бой алдырғанын" түсіндірді. Дегенмен бойжеткен өз әрекетіне еш өкінбейтінін де жасырмады.

Сот қызды 2 жылға бас бостандығынан айырды.

"Сот Людің кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келді: ол ұлтаралық алауыздықты қоздырумен, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаумен айналысты... Людің сөздері Қазақстан Республикасының азаматтарының азаматтық және саяси деструктивті көзқарастарын дамытады", - делінген үкімде.