Weekend
Иран – мол қазынаның үстінде отырған мемлекет
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Иран тарихына көз жіберсеңіз, көп деректерге, сол кездегі елдердің ахуалын біле аласыз. Тарихтан белгілісі, Иран жеріне адамзат тым ерте аяқ сала бастаған. Біздің заманымыздан бұрын 3-мыңжылдықтарда Иранның оңтүстік-батысында алғашқы мемлекеттер ірге қадай бастайды. Кейіннен Орталық Азияның арий тайпалары қара жерді мекен етіп келеді. Сондықтан кейбір зерттеушілер Иранды арийлердің жері деп санайды. Арғы-бергі тарихтан сыр шерту үшін бөлек тақырып қозғау керек. Біз тек Иранның негізгі тарихына тоқталсақ. Талай елдің қатулы қабағын көрген Иран халқы өз ұстанымынан таймай, ішкі дербестігін сақтап қала алады.
ХІХ ғасырдың аяғында Иран Еуропа мемлекеттерінің жартылай қол астына өтеді. Иран жерінің солтүстігіне Ресей, оңтүстігіне Ұлыбритания ықпалын жүргізді. Әйтсе де, отар елге айналдыруды мақсат тұтқан ағылшындар Иранды толықтай жаулап алады. Алайда, ел ішінде ағылшын үстемдігіне қарсы толқулар көпке дейін жүрді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Иран КСРО және Ұлыбритания мемлкеттерімен одақтастық келісімге келеді. Кейіннен ел ішінде соғыстар жүреді, Иран экономикасы тұралап қалады. Әйткенмен 1979 жылға дейін Иран халқы еркіндікті сезіне алмады. Тек 1979 жылы Имам Хомейнидің табандылығы арқылы тәуелсіздікке қол жеткізеді. Алайда Иранның республика болып қалануы көптеген елдерге ұнай қоймады. Мұнан кейін де елде иран-ирак соғысы өрбіп, халықтың жағдайы нашарлайды. Жалпы Иран тарихы бізге осылай жетті.
Иран – мол қазынаның үстінде отырған мемлекет. Негізгі табыс мұнайдан түседі. Мұнайды өздері өңдеп, өздері сыртқа шығарады. Мұнан бөлек, ирандықтар ерте кезден ата кәсіп қолөнерге ден қойған. Дәстүрін дәріптеген, өткенін ұмытпаған ирандықтар табиғи байлыққа кенеліп отырса да, ерінбей еңбек етуден талмайды. Табыс түсірер тірек салалардың бірі мал шаруашылығында да пайда шаш етектен. Жаһан елдері арасында мақта, зығыр, темекі өнімдерімен танымал. Сондай-ақ, көпшілік айтып жүретін Иран кілемдері де бұл елдің қолөнер кәсібінің қарқынын айқындап тұр.
Иранда демографиялық ахуал жақсы. Бүгінде 80 миллионнан асып жығылатын халықтың жылдан-жылға артуы Иранның қай салада болмасын, алға басуына септігін тигізуде. Тұрғындардың жартысынан көбі – жасөспірімдер. Ел астанасы Тегеран аумағына тұтас Қазақстан халқы сыйып кетеді.
Иран туралы сөз қозғағанда оның киноиндустриясын айтпай кете алмаймыз. Соңғы кездері Иран халқының кинотуындылары ел асып, шетелде насихатталып жүр.Бастысы, ирандықтар кино саласында арзан атаққа, не фильм санына жұмыс істемейді. Имандылыққа үндейтін, жақсылыққа шақыратын, ой қалдыратын кинотуындылары арқылы көпке танылуда. Ресми дереккөзге сенсек, Иранда жылына 60-тан аса кинофильмдер түсіріледі. Әлбетте, кино түсіруден АҚШ пен Үндістанға жете қоймас. Десе де, таспаланған туындылар әлемдік фестивальдердің тұғырынан түспей келеді.
Иман демекші, Иран тұтас әлемге салт-дәстүрі мен дінге беріктігі арқылы көпке таныс. Әртүрлі ұлттарды бір арнаға тоғыстырып отырған жұрттың ұлт дегендегі ұстанымы бір. Жалпы, Иран халқы – қонақжай әрі көмек қолын созуға асығатын халық. Көшеде ұзақ тұрып, ойланып қалсаңыз, жаныңызға келіп қандай көмектің қажет екенін сұрап, жәрдемін береді. Бұл ислам дінінің қанат жайғанының белгісі болар. Дәстүр дегеннен шығады. Ирандықтардың үйлену саясатында өз ұстанымдары бар. Мұнда атастыру салты кең етек алған. "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген мәтелге бұлар үйлену де қиын дегенді қосады. Себебі иран қыздарының қалың малы қымбат, сол үшін ер азаматтар үйленуге алдын ала қаражат жинайтын көрінеді.
Иран десе көзге әлі де соғыстың азабын көрген, тұрмысы тұралаған адамдар ойға оралады деу қателік. Қазіргі Иран халқының дамуына қан жүгірді. Әсіресе, білім саласына бет бұрып, ерекше екпін беруі ирандықтардың оқу-білімге ұмтылғанын айғақтайды. Иранның білім беру саласы бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші саты - балабақша. Мұны ирандықтар "махд-е-кудок" деп атайды. Мектепке дейінгі тәрбие беру де қарастырылған, алайда бұл барлығына міндетті емес. 5 жастан кейін ирандық балалар бастауыш сыныпқа барады. Мұны жергілікті халық "дабестан" дейді. Ескеретіні, әлі күнге дейін Иранда ұлдар мен қыздар бір бөлек оқытылады. Тек жоғары оқу орнына барғанда бірге білім алады. Бастауышты бітірген оқушылар "рахнамаи" атты арнаулы мектепке барады. Оны 3 жыл оқиды. Бала 14-ке келгенде "дабирестан", яғни жоғары сыныпқа өтеді. Бұл кезеңде оқушыларға нақты мамандыққа қарай бағыт беріледі. Оқушылар 3 жыл ішінде орта білім мен жоғары оқу орнының қайсысына баратындарын таңдайды. Білімін әлі де жалғастыру қажеттігін сезінген оқушылар үшін Иранда қосымша 2 жыл оқуға мүмкіндік бар. Ол бағыт білім саласында "кардани" деп аталады. Бүгінгі күні Иранда 80 мемлекеттік оқу орны, 25 жеке оқу орындары бар. Университет студенттері де біздің елде секілді 4 жыл бакалавр, кейін магистратура, доктарантураны оқиды.
Негізінде Иран туристерге арналмаған қала. Десе де, исламдық қағидамен тірлік ететін Иран Ислам Республикасына келушілер ең әуелі Голестан сарайы, Милад мұнарасы, Азаттық алаңы, Гранд базарына табан тірейді. Өз уақытында аузын айға білеген АҚШ-тың санкциясы Иранға көптеген қолайсыздықтар алып келді. Мәселен, халықаралық төлемдер енгізуде кедергі көп. Өзге елдің төлем карточкалары бұл елде жүруге жарамсыз.
Ислам қанат жайған мекен болғандықтан шығар, Иранда шектеулер көп. Мәселен, әйелдерге ашық-шашық киінуге рұқсат берілмейді. Мұнымен қоса, ішімдік ішуге түбегейлі шектеу қойылған. Тіпті ресторанда қойылатын сыралардың өзі алкогольдік қуаттылығы аз. Есесіне, жергілікті шарап түріне ұқсас сусынмен салқындауға болады.
Арийлер елі атанып кеткен Иран жұрты мәдениетке ерекше мән береді. Өткеннен белгі беретін көне мұраларды қайта қалпына келтіріп, ескілікті еске түсіретін тарихи нысандарға мән беруі ирандық жұрттың рухани байлыққа бей-жай қарай алмайтындықтарын танытып тұрады.
Иранның бір қарағанда, Қазақстанға ұқсас тұстары көп. Екеуі де сан ұлттың басын бір арнаға біріктіріп, бейбітшілікті темірқазыққа балап отыр. Елдің туында көрсетілген жолақтардың өзі бейбітшілікке үндеп тұр.
Әр елдің ұстанымы әртүрлі деген осындайда айтылса керек. Иранда әйелдерге қатысты түрлі пікірлер бар. Бірі еркектерге қарағанда Иран әйелдерінің құқы шектелген десе, бірі Иран қыздары көп зардап шеккен, сондықтан құрметпен қарау қажет дегенді алға тартады. Солайына солай. Өнеркәсібі өрге домалаған, мәдениеті мойындалған, иманға иілген Иран халқының өмірлік ұстанымы осы.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61