Bugin
Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі
Бадминтоннан Қазақстан командасының көшбасшысы Дмитрий Панарин Париж Олимпиадасына жолдама алды. Ол аталған спорт түрінен Олимпиада ойындарында сынға түсетін алғашқы қазақстандық спортшы болмақ. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Команданың бас бапкері Асқар Ормановтың айтуынша, Дмитрий Панарин соңғы үш ай бойы әлемнің әр нүктесіндегі жарыстарға қатысқан.
Бас бапкер Асқар Орманов:
"Шыны керек, соңғы үш айда үйде болмадық. Олимпиадалық рейтингте ұпай жинап, жолдама алатын спортшылар қатарына кіру үшін бар күшімізді салдық. Біздегі Олимпиадаға іріктеу жүйесі дзюдо спортына қатты ұқсайды. Бәрі рейтинг арқылы анықталады. Ал көп ұпай жинау үшін көбірек жарысқа қатысып, мейілінше жоғары орыннан көріну қажет.
Олимпиада ойындарына рейтингте алғашқы 38 орында тұрған спортшылар жолдама алады. Панарин 25 005 ұпаймен 31-орында. Негізі, ресми түрде іріктеу кезеңі 28 сәуірде аяқталады. Оған дейін әлі екі жарыс бар өтетін. Бірақ бұл турнирлердің қорытындысы бізге еш әсер етпейді. Ешкім бізден орнымызды да, лицензияны да тартып ала алмайды. Сондықтан, қазірден бастап сеніммен жариялап отырмыз", - дейді.
Айта кетелік, Дмитрий Панарин 2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын қорғаған.