БІЛІМ

"Атып кеткен": Кісі қолынан қаза тапқан қазақ боксшысын білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: olympic.kz

19 сәуір бокстан Қазақстанның 11 дүркін чемпионы болған Әбдісалан Нұрмахановтың дүниеге келген күні. Ол "Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт қайраткері", КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957-1962), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959-1967). Bugin.kz порталы боксшының өмірінен көпшілік біле бермейтін деректер ұсынады:

- Әбдісалан Нұрмаханов 1936 жылы Сухандария өңіріндегі Күлтөбе ауылында дүниеге келген. Руы – қыпшақ, оның ішінде Көкмұрын;

- Алты жасынан бастап әкесіне еріп қой баққан. Он жасқа толғанда отбасы Тәжікстаннан Түркістанға көшкен. Сол жақта он бес жасында Молдабек Құралбаев деген жас бапкерден бокс әліппесін үйренген;

- Отбасында алты бала: Әбдіжәлел, Бибіш, Нәзипа, Әбдіоқап, Әбдіманап сынды аға-іні, әпкелері бар болған;

- Арабша сауатты бала Құран кітабын жасырып оқитын болған;

- Мектепке құрдастарынан кеш барған Әбдісалан сегізжылдық оқуды бітірген бойда 1953 жылы  Алматыдағы теміржол техникумына оқуға түседі. Кейіннен республикалық денешынықтыру техникумына ауысады:

- Алғашында баскетбол мен волейболдан бағын сынап көреді. Кейіннен волейбол бапкері Октябрь Жарылғапов үш айдан кейін Нұрмахановты қолынан жетектеп, боксшыларға қосып жібереді;

- 1956 жылы КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республика намысын қорғап, Қазақ КСР-нің чемпионы болды;

- Қазақтың тұңғыш боксері Шоқыр Бөлтекұлынан тәрбие алған;

- Көбісі оны Салан деп атаған;

- 13 жыл бойы рингте сынға түскен;

- 1957 жылы одақтық біріншілікте барлық қарсыласын жеңіп, "орыс танкісі", Кеңес Одағының "екінші қолғабы" атанған;

- Бойы екі метрге жуық болған;

- Шәкен Айманов боксшының нар тұлғалы денесіне қарап, "Қыз Жібек" фильміне түсуге шақырған. Алайда Әбдісалан Нұрмаханов жұбайымен ақылдаса келе, рөлден бас тартқан;

- КСРО-ның құрама командасында болып, Венгрия, Польша, Дания, Германия сияқты Еуропа елдеріне барып, үнемі жеңіспен оралған;

- Әбдісалан Нұрмаханов 1964 жылы дене тәрбиесі институтында жаттықтырушы, 1971 жылы ғылым кандидаты, кейін профессор қызметін атқарған;

- 1996 жылғы Атланта олимпиадасында Қазақстан спортшылары барлығы 11 медальге ие болса, соның төртеуі – Нұрмахановтың командасына тиесілі;

- 1997 жылы 19 сәуірде зейнетке шыққан. 239 кездесудің  222-сінде  ауыр салмақтағы талай тарланды сүріндірген;

- Қазақ құрамасының тізгінін 1993 жылы ұстады. Өзінен кейін чемпион болған Ермахан Ыбраймовтың қабілетін байқап, бауырына тартып, үйіне тұрғызған;

- 2002 жылы 11 шілдеде белгісіз біреулер атып кетіп, кісі қолынан қаза табады. Боксшы Кеңсайда жерленген.

Айта кетсек, жыл сайын Нұрмаханов атында Түркістанда бокстан турнир өткізіледі. Атамыз көзі тірісінде өзінің атындағы 10 турнирге куә болған.

                           Деректер Қ.Рысбектің "Әбдісалан" кітабынан алынды

                            Материал авторы: Бану Әбдіғалиева