Bugin

“Әйелі, 4 баласы бар”: қарт ана әскерден оралмаған ұлымен 28 жылдан кейін қауышты (ВИДЕО)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Видео скрині

Атырау облысынан 28 жыл бұрын әскерге аттанған жігіт Алматы облысынан табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ozgerisinfo Инстаграм парақшасына сілтеме жасап.

Видеоны мына сілтемеден көре аласыз.

Бұл деректі Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты Есенбай Нұров растады. 

"Біздің аудандағы Ойыл ауылдық округінің орталығы – Жасқайрат ауылынан Бейбіт Қозыбаев 1996 жылғы күзде әскерге шақырылған еді. Сол кезде мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы едім. Ол бастапқыда Батыс Қазақстан, кейін Маңғыстау облысындағы әскери бөлімде борышын өтеген. Бірақ, кейін отбасына оралмай, хабар-ошарсыз кетті. Оның мұндай қадамға не себептен барғаны белгісіз. Анасы Маржан апай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге ай сайын келіп, ұлының хабарын біліп беруді жиі сұрайтын еді. Баласын бір көруді аңсаған ана "Бармысың, бауырым" бағдарламасы арқылы да іздеу салды", – дейді Есенбай Нұров. 

Оның айтуынша, 28 жыл бұрын әскерге аттанған Бейбіт Қозыбаев 1977 жылы туған. Жақында ол сыныптастарымен TikTok желісі арқылы байланысқа шыққан. 

"Бұл жаңалыққа бәріміз қуандық. Әсіресе, анасының, туыстарының қуанышында шек жоқ. Оны әскерге шақырған менің де мойнымнан ауыр жүк түскендей болды. Қазір Бейбіт Қозыбаев Алматы облысындағы Байсерке ауылында тұрады екен. Үйленген, 4 баласы бар. Осы кезге дейін хабар-ошарсыз жүргені үшін Бейбітті кінәлаудың жөні жоқ. Өмірде түрлі жайт болуы мүмкін. Ең бастысы, ол аман-есен табылды. Анасы Маржан апай Байсерке ауылына барып, ұлымен кездесті. Бейбітті маңдайынан иіскеп, құшағына басты. Сарғайған сағынышын басты", – дейді Есенбай Нұров.