Bugin
Фото: azh.kz
Алматыда ер адам 10 жастағы баланың іш киіміне қол салған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оқиға 20 сәуірде болған. Алматылық Камила Тілеуқабылқызының айтуынша ол ұлын 1-2 сағатқа далаға ойнауға жіберген. Сол сәтте ойын балаларына ер адам келіп, оларға түрлі сұрақтар қоя бастаған. Куәгерлер күдіктінің 45 жастағы Қарақалпақстан азаматы екенін айтқан. Ер адамның 7 баласы бар екені де белгілі болған.
“Ер адам балаларға түрлі сұрақтар қойған, сөзге тартқан. Басқа балалар тарап жатқанда, менің ұлымды алып қалып, көмек сұрапты. “Қоқыстарды төгуге көмектесші” деп үйіне кіруді сұраған. Ол маған да қолғабыс етіп жүргендіктен, оған да көмек беруге келіскен. Неге кірдің деп сұрасам, “көмектеспесем, ұрыса ма деп ойладым” дейді. Оның үстіне әңгіме арасында “мен спорт шеберімін, ұрып тастаймын” депті”, – дейді жәбірленген баланың анасы.
Арам пиғылын іске асырғысы келген ер адам балаға "белім ауырып тұр" деген сылтаумен өзіне жақын ұстағаны айтылуда. Артынша ол сол сәтті пайдаланып, баланың іш киіміне қол жүгірткен. Кішкентай балақай айғайлап, қашып үлгерген. Бұл туралы оның анасы айтып берген.
“Балам кіріп келгенде, “қайда жоғалып кеттің?” десем, көзі бақырайып, алаңғасарланып, жылағысы келіп тұр. Төбелесіп қалдың ба, не болды деп сұрағанымда, дірілдеп тұр. Құшақтап, жаймен сұрап едім, әрең ентігіп айтты. “Қорқамын” деп жылап, өз денесін сипалай берді, өз-өзінен жиіркеніп тұрғаны байқалды. “Оған барма, ол сені өлтіріп қояды, себебі ол спорт шебері” деп әбден үрейленіп қалған”, – деді Камила.
Баласына алаңдаған ана бірден құзырлы органға арыз түсірген.
“Шулатып не қыласыз, атыңызға кір келеді. Арыз жазбасаңыз қайтеді, ойланып көріңіз?” деді. Сонда ол жазасыз қала ма? Ұлымның жолы болып, қашып үлгерді. Ертең ол адам біреуді өлтіреді ғой. Сонда маған “сізде дәлел жоқ қой, 5 ай бойы анда-мында сүйрелейміз, сосын бәрібір оны босатып жібереді” деді. Әртүрлі кабинеттерге жібере берді. Бір кезде “балаңыздың еш жері сырылмаған, көгермеген” дейді, сонда өлгенде ғана, зорлағанда ғана келу керек па? деп айқайға бастым”, – деді ана.
Полиция қызметкері:
“Сот сараптамасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-тармағы “Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер” бойынша тергеу жүріп жатыр. Прокуратураның қаулысымен оны изолятордан босатты. Басшылық құрамның бақылауында”, – деді Қозыбеков.