Bugin

"Анамның кінәсі жоқ": Түркістан облысында 4 балалы әйел күйеуін өлтірді деп күдікке ілінді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында 49 жастағы әйел 30 жыл отасқан күйеуін өлтірді деген күдікке ілінді. Сайрам аудандық соты “Адам өлтіру” бабымен үстінен іс қозғалған оны 2 айға қамауға санкция берді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі "Азаттық радиосына" сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 12 сәуір күні болған. Марқұмның інісінің Азаттыққа айтуынша, жеңгесі ағасын "қылқындырып өлтірген".

Күдікті мен марқұмның кәмелет жасына толған ортақ 4 баласы бар.

"Әкем ішімдік ішетін. Анамды ұрып-соғатын. Талай рет үйден қашып, далада түнедік. Анамның кінәсі жоқ" дейді төрт баланың тұңғышы Азаттыққа.

Қарамұрт ауылының учаскелік полицейі марқұмның ішімдік ішкенін, отбасылық жанжал мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан күдікті 2019 жылы "полиция қамқорлығына алынғанын" айтады. 2023 жылдан бері әйелі күйеуінің үстінен қандай да бір шағым түсірмеген.

16 сәуір күні Сайрам аудандық соты Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен күдікке ілінген әйелді 2 айға қамауға санкция берген. Сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалы басталған.