Bugin
Фото: Алматы облысы ПД баспасөз қызметі
Алматы облысында із-түзсіз жоғалып кеткен үш жасар Айя-София табылмай жатыр. Полиция әліден адам өлтіру бабымен іс қозғап, күдіктіні қамауға алған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті туралы ақпарат жария етілген жоқ. Ауыл тұрғындары күдікті бүрдіршіннің туған анасы болуы мүмкін деген болжам жасады. Енді марқұмның денесін әскерилер мен полицейлер, еріктілер жабылып іздеп жатыр.
17 наурызда түс шамасында үйінен шығып кеткен үш жастағы бүлдіршін сол күйі үйіне оралмаған. Оқиға осы ауылға жақын шаруашылықта болыпты. Қыздың анасы сол жерде жұмыс істеп, екеуі сонда тұрған. Кішкентай Айя-София анасымен бірге бір үйге қонаққа келіп жүріпті. Мұнда шешесінің құрбысы тұрады. Қазір пәтерде ешкім жоқ. Ауыл тұрғындары олардың бұл жақтан көшіп кеткенінін айтады. Шаруашылық жекенің қолында болғандықтан, онда бөгде адамға кіруге рұқсат жоқ. Әрі полиция онда тергеудің жүріп жатқанын мәлімдеді. Ауыл ішінде бүлдіршінді өзінің туған анасы сатып жіберді немесе өлтіру мүмкін деген сұмдық болжам желдей есіп жүр.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы:
" Кәмелетке толмаған Айя-София Молгачеваның жоғалу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тескерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-тармағы "Жас баланы өлтіру" бойынша тіркелді. Іс бойынша күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қалған мәлімет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді",-деді.
Дегенмен бүлдіршіннің денесі әлі табылмаған. Еріктілер мен әскерилер, тәртіп сақшылары оны жатпай-тұрмай бір жарым ай бойы іздеп жатқан көрінеді. Күдікті де оны қайда жасырғанын айтпай отыр.