Bugin

"Сіздерге өте ауыр": үш адамның өліміне себеп болған сотталушы соңғы сөзін айтты (ВИДЕО)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ахметжанов Дархан Маратұлы. Жоғарғы сот видеосынан скриншот

Алматыда 3 адамның өліміне себеп болған автобус апатына байланысты сот отырысы өтіп жатыр. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап хабарлайды. 

Былтыр 22 желтоқсанда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, 3 адамның өмірін қиған еді. Сотталушы Дархан Ахметжановқа 293-бап бойынша айып тағылды. Ол сотта өзінің кінәсін толық мойындайтынын айтып, соңғы сөзін сөйледі.

Айыпталушы Ахметжанов Дархан Маратұлы соттағы соңғы сөзінде:

"Құрметті, сот мырза, маған тағылған айып бойынша тағы да айта кетерім 293-бап бойынша бұзақылық жасағанымды мойындаймын. Ашуға бой алдырып, өрескел қателік жасадым. Бұзақылық жасағаным үшін өте қатты өкінемін. Және алдағы уақытта өзіме үлкен өмірлік сабақ алдым деп түсінемін. Енді бұзақылық жасамаймын деп өзіме кәміл сенемін, және сіздердің де сенулеріңізді сұраймын",-деп айтты.

Айыпталушы анықтау актісіндегі жазылған кей мәліметпен келіспейтінін айтты. Ол наркологиялық сараптама нәтижесін негізге алып, өзінің алкогольді ішімдік ішпегенін, ақыл-есінің дұрыс екендігін алға тартты. 

"Бар-ойым үйге жету болатын. Үйге асығыс едім. Оның бәрін түсіндіріп айтқан болатынмын. Айыптаушы Оразаевтың таққан айыптары ешқандай логикаға сәйкес келмейді деп ойлаймын. Қызметтік өкілеттілгін асыра пайдалану деп есептеймін. Мына фактілерді ескеруіңізді сұраймын, сот мырза.

Бұрын-соңды ешқандай тәртіп бұзушылық және қылмыстық жауапкершілікке тартылған емеспін. Өзімнің жеп жүрген нанымды, ризық-несібемді адал еңбекпен тауып жүрген қарапайым құрылысшымын. Үш баланың әкесімін және асыраушысымын. Құрметті, сот мырза, осы фактілер ескеріліп, маған берілетін жазаның минимальды және жеңіл түрде болуын сізден өтінемін және сұраймын. 

Сөз соңында адами тұрғыдан (айыпталушы жылап жіберді - авт) қаза болған адамдардың отбасыларынан кешірім сұрағым келеді. Арты қайырлы болсын. Сіздерге өте ауыр. Сіздермен бірге менің де жүрегім ауырады. Қайғыларыңызға ортақпын. Мені кінәлі деп танып жатсаңыздар шын жүректен кешірулеріңізді сұраймын. Жарақат алған адамдардан адами тұрғыдан кешірім сұраймын. Және өзімнің отбасымнан, ата-анамнан, әйелімнен кешірім сұраймын",-деп сөзін аяқтады.

Оқиғаны мына сілтемеге өтіп көре аласыздар.