Weekend
Димаш Құдайберген Өзбекстанға барып қайтқан еді
"Димаш Құдайберген - ән өнеріндегі құбылыс, нағыз талант иесі. Қазақтың мәдениетін, ән өнерін шартарапқа паш етіп жүрген виртуоз. Кеше қазақтың мақтанышына Өзбекстан жұртшылығы да тәнті болып, өнеріне қол соқты. Димаштың әлі талай биіктерді бағындырарына сенімдімін және тілектеспін", - деп жазды Тоқаев.
Кеше Димаш Құдайберген Ташкентте Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуында өнер көрсеткен болатын. Концертке КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық әртісі Айман Мусаходжаев, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткерлер Майра Мұхамедқызы, Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов, танымал әнші Әлішер Кәрімов пен халықаралық байқаулардың лауреаты Мария Мудряк қатысқан. Қазақстандық әнші Өзбекстан астанасына 14 сәуірде жеткен болатын. Ташкент әуежайында Димаштың фанаттары оны өзбектің ұлттық дойра аспабымен қарсы алды. Әртістің тыңдармандары оған раушан гүлдерін беріп, ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.
"Аңсаған арманымыз орындалды. Димашпен кездестік. Оның қасында тұрған кезде қандай сезімде болғанымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол шаршағанына қарамастан, әр фотосуреттің сипаттамасына қолтаңбасын қойып, алғысын білдірді. Сізге алғысымыз шексіз, Димаш", - деп жазылған Димаштың Өзбекстандағы фан-клубының парақшасында.