Bugin

Жамбыл облысында мектеп қабырғасында оқушы зорланған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Көрнекі сурет, depositphotos.com

Журналист Нурадин Рақай Facebook желісіндегі парақшасында мектепте зорланған оқушы туралы ақпарат жариялады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі авторға сілтеме жасап хабарлайды. 

Ол Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Байқадам мектеп-интернатындағы жағдай туралы:

"Мына жайсыз хабардан ұстайтын жаға қалмады. Мектеп қабырғасында тағы оқушы зорланған. Бұл білім ұясында өткенде ғана жетінші сыныптағы қыз жүкті болып, бір жыл бүркемеленіп ашылған еді. Жалғыз күдіктімен іс жабылып тынған. Күні кеше 11-сыныптың баласы төменгі сыныптың оқушысына азғындық жасалғаны анықталды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, айуандық әрекетке барған жасөспірім қамауға алынды. Білім басқармасы қатаң сөгіс алыпты дейді. Сарысу ауданы, Байқадам ауылындағы мектеп-интернатында оқушылар жатып оқиды. Құдай сақтасын, жәбірленушілер көп болмағай",-деп жазды.

Оқиға резонанс тудырып, жауапты мекемелер лезде түсініктеме берді. Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахмет оқиға туралы:

"Сарысу ауданының білім бөлімі Сарысу ауданының прокуратурасына кәмелетке толмағандардың бірінің осы аудандағы басқа оқушыға жасаған зорлық-зомбылық әрекеттері туралы хабарлады.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша облыстық білім басқармасының жауапты лауазымды тұлғалары жедел түрде ауданға барды.

Бүгінгі таңда Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов пен Жамбыл облысының білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов бақылау жұмыстарының әлсіздігі үшін "қатаң сөгіс" түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Облыс әкімі басқа да кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауды, сондай-ақ жалпы білім беру мекемелеріне кешенді тексеріс жүргізуді тапсырды",-деп жазды. 

Қазіргі уақытта Сарысу аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмаған 14 жастағы балаға қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сарысу аудандық полиция бөлімінің хабарламасында:

"Қажетті сараптамалар кешені тағайындалды. Күдіктіге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жан-жақты тергеп, тексеріп жатыр. Интернаттың оқытушылар құрамына қатысты міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді",-деп жазды.