Bugin
Фото: Үш адамның өліміне себеп болған автобус апаты. Тengrinews.kz
Алматыда 3 адамның өліміне себеп болған автобус апатына байланысты сот үкімі оқылды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
32 жастағы Дархан Ахметжановқа абайсызда 2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзу (ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі, 351-бап 3-бөлігі) бойынша айып тағылды.
2024 жылы Алматы қаласы Алатау ауданының сотында үкімі оқылды. Соттың таңертеңгі отырысында айыпталушы ісіне өкінетінін айтқан еді.
Сотталушының кінәсі заттай айғақтармен, сараптама қорытындысымен және бейнебақылау камерасындағы бейнематериалдармен дәлелденді. Қоғамдық көлік жүргізушісі Шөкебаева жәбірленуші ретінде қарастырылды. Оқиға туралы Шөкебаев, куәгерлер, сарапшылар жауап берген.
Судья:
"Сот айыпталушы Ахметжановқа ең жоғары жаза тағайындады. Айыпталушы 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзету мекемесінде өтейді. Өйткені ол қоғамға қауіпті қылмыс жасап, оның салдарынан 3 адам қайтыс болған. 1 адам ауыр дене жарақатын алған. Санкция бойынша 351-бабы 3-бөлігіне сәйкес 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Шөкебаева жәбірленуші ретінде қарастырылып, оған қатысты қылмыстық іс ҚР қылмыстық кодексінің 345-бабымен қысқартылған. Қаулы заңды күшіне енген. Аталған қылмыс бойынша моральдық шығын тек сотталушы Ахметжановтан ішінара өндіріледі. Себебі, қылмыстық іс бойынша тек сол кінәлі деп танылды",-деді.
Сотталушыдан жәбірленуші К.-ның пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығынды және 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы қаулы қабылданды. Ал жәбірленуші Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық шығын өндірілмек.