Bugin

Токио Олимпиадасына бара алмаған қазақ қызы Париж Олимпиадасына жолдама ұтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Сабляшы Әйгерім Сарыбай . Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Өткен аптада семсерлесу спортынан Париж Олимпиадасына жолдама беретін соңғы жарыс аяқталды. Фуджейра (БАӘ) қаласы өткізген турнирде Қазақстан командасы тағы бір квота жеңіп алды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарладйы.

Сабляшы Әйгерім Сарыбай өзінің екінші мүмкіндігінде Олимпиадаға жолдама алып отыр. Топтық кезеңде төрт қарсыласын жеңген ол ширек финалда Вьетнам спортшысын 15:11 есебімен ұтты.

Жартылай финалда Әйгерім австралиялық Вероника Васильеваны жеңсе, жолдама тағдыры шешілген ақтық сында гонконгтық спортшыны 15:13 есебімен тізе бүктірді. 

Спортшы жетістігі туралы:

"Жолдама алғаныма әлі сене алар емеспін. Жарыс күні өте қиын өтті. Соңына дейін қарқынды ұстау оңай  болған жоқ. Десе де, менің қолымнан келді. Енді алдағы жарыстарға қатысып, Олимпиада ойындарына алаңсыз дайындаламыз", - дейді. 

Әйгерім саблядан әйелдер арасындағы турнирге араға үш олимпиадалық цикл салып қатыспақшы. Бұған дейін Қазақстан сапынан Юлия Живица ғана Лондон Олимпиадасында өнер көрсеткен еді. 

Семсерлесуден мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасовтың айтуынша, бұл нояндарға берілген соңғы мүмкіндік. Осымен аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға іріктеу турнирі тегіс аяқталды. 

Бұл Әйгерімнің Олимпиадаға барсам деген екінші мүмкіндігі. Токио ойындарының алдында Ташкентте өткен турнирдің финалында ол өзбекстандық қарсыласына жол берген еді. Команда бапкерлері сол қателікпен жұмыс істеп, оң нәтиже шығарды.

Жаттықтырушы Тимур Байтасов:

"Бұл квота біз үшін өте бағалы. Өйткені, әлемдік жарыстарда әрбір қару түрінен екі жүзге жуық спортшы бақ сынайды. Ал төртжылдық додасында тек қана 36 спортшы жолдама алады. Осымен Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталып, рейтинг жабылды", - деп айтты.