Bugin
Фото: bugin.kz
Бүгін, 3 мамыр – әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бибі Артықова дүниеге келген күн. Халық арасында есімі ұмытылған мәдениет қайраткерінің өмірі туралы Bugin.kz тілшісі деректер ұсынады.
Бибі Артықова 1916 жылы Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Бибі 11 жасынан бастап Алматыдағы тәжірибелік-демонстрациялық мектепте білім алады. 13 жасында комсомол қатарына қабылданған. Бибінің шығармашылық жолы 1930 жылы басталды. Ол Пионерлер үйінде комсомол комитетін басқарды. Сондай-ақ радио комитетінде әнші болды.
Артықованың ән өнеріндегі шығармашылық жолы 1930-40 жылдары ел арасына танылды. Әнші Алматыдағы Қазақ академиялық опера және балет театрының сахнасында Жібек, Қадиша, Тана (Е.Г. Брусиловскийдің "Қыз Жібек", "Жалбыр", "Ер Тарғын" операларында партиялар орындаған. Осылайша қазақ опера театрының бастауында тұратын тұлғалардың біріне айналады.
Бибі 1936 жылы жұмысшылар факультетін тәмамдайды. Одан соң өнер иесі Алматы қаласында өткен республикалық көркемөнерпаздар олимпиадасына қатысады. Әділ-қазылар алқасы оның әдемі дауысын бағалап, бірінші орын береді.
1940 жылы Бибі ән айтып жатқанда даусында сырыл (сипота) пайда болады. Тағдырдың әншіге мейірімсіздігі – атақ-даңқының шарықтаған шағында даусынан айырылып, сахнадан тым ерте кетеді. Кейіннен қоғамдық жұмыстарға араласып, сот отырыстарына халық заседателі ретінде қатысады.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Бибі жолдасы Әбді Артықовпен бірге майданға аттанады. Ол үгіт-насихат тобының құрамында сарбаздар мен командирлер алдында сөз сөйлеген. 1948 жылы Бибі Артықова Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына ауыстырылып, 1961 жылға дейін сонда қызмет етеді.
Әбді Артықов екеуінің Төлеген және Ақмарал есімді перзенттері бар. Ақмарал анасының жолын қуып, "Айгүл" ансамблінің құрамында ән шырқаған.
Бибінің ұзаққа созылған ауруы меңдеп, 1964 жылы Алматы қаласында қайтыс болады.