Bugin
Фото: depositphotos.com
Ақмола облысының Щучье қаласында асырап алған екі жасар баланы азаптап өлтірді деген күдікпен тағы бір адам қамауға алынды. Бурабай ауданы білім бөлімінің қорғаншы органына қатысты да тергеу басталды. Бұл туралы Buign.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жолы 29 жастағы әйел қамауға алынды. Шучье қаласында екі жастағы асыранды баланың денесі ауладан табылған еді. Оны бағып алған отбасы төрт жыл бұрын үйінің алдына көміп тастаған. Бірақ баланың өлімі туралы осы уақытқа дейін ешкім білмеген. Бұл қылмыс аяқ асты әшкере болды.
Бес баланы асырап алған отбасындағы бір балақай ауруханаға түскен. Сол кезде қамқоршысы шатасып өлген баланың туу туралы куәлігін көрсеткен. Осыдан кейін тексеріс басталып, асырап алынған балалардың біреуі төрт жыл бұрын көз жұмғаны анықталды. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 60 жастағы әжелері қамауға алынған. Енді «азаптау» бабы бойынша 29 жастағы балалардың қамқоршысы тұтқындалды. Төрт жыл бойы асырауға алынған балалардың өлі-тірісін білмеген тиісті мекемеге де қатысты тергеу басталды.