Bugin

"Бұл не деген сұмдық?": депутат су тасқыны туралы тосын мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Қазыбек Иса. Мәжіліс трансляциясынан скриншот

Мәжілістің бірінші отырысында Мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қозғалды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева қазақ тілінде баяндама жасаған еді. Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Ұлттық статистика бюросының басшысына және баяндамашыға сауал жолдады.

“Баяндамашы Смешляева ханымға көп рақмет! Үнемі баяндамасын қазақ тілінде жасап келе жатыр. Халық қазір статистикаға сенбейді. Ол туралы  әріптестерім жаңа айтып өтті. Халықта: “аңшының сөзіне, сосын статистикаға сенуге болмайды”, –  деген сөз бар. Мысалы, қазір су тасқынында біздің халық, 1 жасар баладан 70 жастағы қарияға дейін иықтасып алапат еңбек етіп жатыр. Осы еңбекке статистикалық көрсеткіштер көлеңке түсіруде. “Атырауда 3,5 миллион қап төселді”,-дейді. Петропавлда 3,5 миллион қап, Оралда 3 миллион қап төселген. Бір оқырман есептеп көрсетіпті 3,5 миллион қаппен 18 метр биіктікпен Петропавл қаласын түгелдей қоршап тастауға болады екен. Төтенше жағдайлар министрлігі 1,6 миллион дейді, тоннасы тағы бар. Ағаш отырғызу, гүл егу де сол сияқты. Таразда 1 миллион гүл отырғызып, 40 мың тал ектік десе, Талғарда 1 күнде 100 мың қызғалдақ ектік дейді. Бұл не деген сұмдық? Астана қаласында жыл сайын 100 мыңдаған тал егілді деп есеп береді. Бірақ Астананың айналасында қаптаған қалың орманды біз көріп тұрған жоқпыз.

Статистиканың ең маңызы неде? Ол – халықтың санын айқындауда. 2009 жылы статистика агенттігінің төрайымы қазақтың саны – 67  пайыз деп көрсеткені үшін сотталды. Билік 63 пайызға түсіріп, 4 жыл төмендетіп, 4 жыл төрайым қашып жүрді. Қолға түскенде, 7 жылға сотталды. 2020 жылы Абай телеарнасы жаңадан ашылғанда, мемлекеттік хатшы: “қазақтың саны – 70 пайыз болады”, – деді. Бір жылдан кейінгі халық санағында 70 пайыз көрсетілді. Жалпы статистикаға”,-дей бергенде микрофон өшірілді.

Төраға микрофонды қосып, Қазыбек Исадан сұрағын қоюды сұрады. Депутат қайта сөз алып:

"Жалпы статистикалық мәліметтердің шындығын анықтаудың қандай тәсілдері бар? Халықтың сенімін оятуға қандай жұмыс жасап жатырсыздар?”,-деп сұрақ қойды.

Төраға Ерлан Қошанов сөз алып “аңшылардың бәрі өтірікші дегенмен келіспеймін” деп бәрін ду күлдірді.