БІЛІМ
Фото: мұғалімнің жеке мұрағатынан
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Меркі ауданының білім бөлімінің “Қабылбек Сарымолдаев атындағы №12 ЖОББМ” директоры Ильясжан Шинасилұлымен білім саласындағы өзгерістер, ұстаздардың біліктілігі жайлы Bugin.kz порталы сұхбаттасты.
Оқушылардың ақпаратты қабылдау зейінін соңғы онжылдықта қалай бағалайсыз?
Әрине, қазір ақпаратты қабылдау зейіні өте жоғары деңгейде. Ақпарат көп болғандықтан, қабылдау жағынан неше түрлі әдіс-тәсілдер бар. Бұл орайда электронды оқулықтар мен жаңа технологиялар көптеп қарастырылған. Осы факторларға сүйене отыра жоғары бағалаймын.
Қазіргі таңдағы білім саласына енгізіліп жатқан өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?
Қазір 2-3 жыл сайын әртүрлі реформалар енгізіліп жатыр. Реформалардың тиімділігі де жоғары. Кейбір тиімсіздіктері болып жатса, олармен дер кезінде жұмыс жүргізіліп жатқанына куәміз.
Заманауи технологиялардың ұстаздарға тигізіп жатқан пайдасы мен зиянын қалай бағалайсыз?
Заманауи технологиялардың зиянынан гөрі пайдасы көп деген ойдамын. Covid кезінде осы заманауи технологиялардың арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік.
Ұстаздар біліктілігін қаншалықты жиі арттырып отыру керек?
Ұстаздар стандарт бойынша 3 жылда 1 рет біліктілігін арттырып, санаттарын қорғауға міндетті. Сондықтан, әртүрлі курстарға жіберіліп, біліктіліктерін арттырып отырады. Және де өздерінің сұраныстары бойынша жарыстар мен байқауларға қатысады.
Ұстаздар жаңа білім алуға, заманауи білім беру әдістерін пайдалануға қаншалықты ашық?
Ұстаздардың білім алуына қазір барлық жағдай жасалған. Мысалы, заманауи әдіс-тәсілдер, онлайн және оффлайн білім беру. Тіпті электронды оқулықтар арқылы да білім алуға болады. Мен білім беріп отырған мектепте жаңашыл ұстаздар көп. Бізге берілген стандарт бар. Сол стандарт бойынша ұстаздарым барлық біліктілікті арттыру шараларына белсене қатысады. Қазір “зерттеуші”, “шебер” деген санаттар бар, сол санаттарға лайық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар өз білімін жетілдіруде, санаттарын растап, жыл сайын дамуда.
Ильясжан Шинасилұлы әр бастамаға ашық болу керектігін айтып, ұжымдастарымен мақтанатынын айтты.