БІЛІМ
Фото: istock.com
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Алға ауылы Амангелді атындағы орта мектебінің директоры Калдыкуль Мухтарханқызымен ұстаз бен оқушы коммуникациясы, білім саласы жайлы Bugin.kz порталы сұхбаттасты.
Қазіргі оқу бағдарламасына берер бағаңыз қандай? Оқушыларға білім берудің жаңа әдіс-тәсілі тиімді ме?
Балаларды қазір тиімді интербелсенді әдіспен оқытып жатырмыз. Жаңашыл платформалар мен жобалар көп, солардың арқасында білім берудің әдіс-тәсілі тиімді және жеңіл. Қазіргі оқу бағдарламасына ризамын.
Мектебіңізде ұстаз бен оқушы коммуникациясы қалай жүргізіледі? Оқушылардың кері байланыс беру деңгейі қандай?
Оқушылардың кері байланысы өте жақсы. Біздің ұстаздар әр ай сайын жаңа іс-шаралар өткізбес бұрын оқушы пікірін сұрайды, сол уақытта да оқушылардың беретін кері байланысын жоғары бағалаймын.
Әлем жылдам даму үстінде, технологиялар күннен күнге дамуда. Осы орайда заманауи технологиялар ұстаздарға қандай пайдасын тигізуде?
Біріншіден, балалар осы технологиялар арқасында ойын еркін жеткізе алады. Өз ойын жасырып қалмайды. Екіншіден, ұстаздардың білім беру тәсілдерін жеңілдетіп жатыр. Бұл жерде де пайдасы көп, заманауи технологияларды меңгеру цифрлық сауаттылықты арттырады.
Covid кезінен бері онлайн білім беру мектеп жүйесіне енгізілді. Оған дәлел – электронды оқулық, онлайн курс, цифрлық сауаттылық. Онлайн білім беруді қолдайсыз ба?
Дәстүрлі білім беру жоғары нәтиже көрсететіні анық. Онлайнның да пайдасы жоқ демеймін. Бірақ, баламен бетпе бет кездескен дұрыс. Онлайнды қосымша алып жүруге қарсы емеспін. Заман талабына сай оқушыларымызды өзгерістерге бейімдеп, сапалы білім беруді қолдаймын. Жаңа Қазақстанның жаңа азаматтарын тәрбиелеуге тырысамыз!
Калдыкуль Мухтарханқызы жаңа өзгерістерді қолдайтынын айтып, өз кезегінде ұжымдастарымен мақтанатынын айтты.