Bugin
Фото: Су басқан штат. Reuters
Бразилияның оңтүстігіндегі Рио-Гранди-ду-Сул штатында толассыз жауған жаңбыр салдарынан өзен арнасы толып, тасқын болды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бразилияның мемлекеттік азаматтық қорғаныс департаменті 70-ке жуық адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Жаңбыр штаттың 497 қаласының жартысынан көбіне әсер еткен. Кемі 24 мың адам үйін тастап, қауіпсіз жерді паналап отыр.
Штат губернаторы Эдуардо Лейте:
"Бұл сандар жақын күндері айтарлықтай өзгеруі мүмкін, өйткені біз көбірек аймақтарға қол жеткізе аламыз", - деді.
Такуари өзенінің аңғарындағы барлық қалаларды толығымен су басқан. Кейбір қалаларда көшелер су басып, жолдар мен көпірлер қирап қалды. Сондай-ақ нөсер жаңбыр көшкініне және су электр торабының ішінара бұзылуына себеп болды.
Штат астанасы Порту-Алегриде өзен арнасынан асып, көшелер су басты. Өткен жылдың қыркүйек айында Рио-Гранде-ду-Сулда қатты жаңбыр жауған болатын. Одан кейін су тасқыны болып, 50 адам қаза тапқан еді.