Bugin
Фото: bugin.kz
Қазақ сатирасы XIX ғасырда Абайдан басталып, XX ғасырда О.Әубәкіров, О.Иманәлиев, Е.Домбаевпен жалғасып, үздіксіз дамыды. Бүгін, 4 мамыр – қазақ сатирасының саңлағы Оспанхан Әубәкіровтің дүниеге келген күні. Сықақшының 90 жылдығына орай Bugin.kz порталы деректер ұсынады.
Жазушы 1934 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үшбұлақ ауылында өмірге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығында оқыған. Кейін сатира бағытына бет бұрады. Оқу бітірген соң республикалық филармонияға конферансье болып орналасқан. 1958-76 жылдары Қазақ филармониясында, "Ара-Шмель" журналында қызмет істейді.
Қаламгер "Чемпион Қожанасыр", "Бөтен адам", "Милау сиыр" комедияларын жазған. Оған қоса "Тамаша" театрында сықақ оқыған. Алғаш оқыған сықағы балық туралы болған. Әзілқой болса да, көп күлмейтін томаға-тұйық үндемей жүретін адам болған. Пианино, фортепианода ойнай алған. "Жасыратын не бар?", "Сыйлық", "Ұзын сөздің қысқасы", "Өзіміз білеміз", "Аш түлкінің айласы" атты сықақ әңгімелері мен өлеңдер жинақтары жарық көрген. Қаламгер сатирасында аллегориялық тәсіл, яғни пернелеп айтуды асқан шеберлікпен қолданған.
Әзиз Несиннің "Ақиреттен келген хаттары", Бранислав Нушичтің "Менің өмірбаяным", Лао Шэнің "Мысықтар қаласын", Э.Распенің "Мюнхаузеннің хикаяларын" қазақ тіліне аударған. Дене тұрқы мен киім стиліне қарап, кейбір адамдар сатирикті Мұқағали Мақатаевпен шатастыратын болған. Тіпті екеуі жан достар болған. Көзі тірісінде "қазақтың Әзиз Несині" атанған.
Жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметов Оспанхан Әубәкіровтің шәкірті болған. "Айналайын балдызым", "Аспан қызы", "Сағыныш екен бала кез", "Мұңайма", "Біздің ағай тамаша" әндерінің сөзін жазған.
1983 жылы балаларға арналған "Қағаз қалпақ" сатиралық жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығы берілді. 1986 жылы өмірден өткен, зираты Үшбұлақта орналасқан.
Деректер: "Жас Алаш" (2014 жыл, №28 саны),
"Үш қоңыр" (2014 жыл, №13 саны)
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева