Weekend
Көшет егу – ізгі іс
Алла елшісі (с.ғ.с.): "Сендердің біріңнің қолында көшет тұрғанда Қиямет уақыты келіп қалса, шамасы жеткенінше оны екпей қоймасын", – деген. (Хадисті Ахмәд жеткізген)
Енді осы хадистен алынатын пайдаларға тоқталар болсақ:
1) Қиямет уақыты адам күтпеген сәтте аяқ астынан келіп қалуы мүмкін;
2) Өмірдің соңғы сәтінде болсын мүмкіндікті қолданып, сауап алып қалу керек;
3) Өзіне пайдасы тимейтінін біліп тұрса да Ахиретте сауап болуы үшін әрекет еткен жөн;
4) Көшет бірден жеміс бермейтінін біле тұра оны егуге тырысу - жақсылықтың қайтарымы бірден бола қоймайтынын білдіреді;
5) Көшет – кішкентай шыбық. Одан үлкен нәтиже күту - әбестік секілді көрінуі мүмкін. Жақсы амал да сол секілді. Кейде жақсылықты қорашсынып, жүзеге асырмағандықтан сауаптан айырылуымыз мүмкін;
6) Мұсылман тек өз басының ғана емес, өзгелердің де қамын ойлайды;
7) Уақыттың әр сәтін пайдаланып қалуға тырысқан жөн;
8) Келешекке үмітпен қарау керек;
9) Әрдайым жақсы ойлауға тырысқан дұрыс;
10) Дініміз жалқау болмауға, еңбек етуге шақырады;
11) Пайғамбар (с.ғ.с.) үмбеті үшін жақсылық қалайды;
12) Әрекеттен күдер үзбей, шамасы жеткенше тырысу керек;
13) Біреуден жақсылық күте бермей өз еңбегімен күн көруге үндейді;
14) Адам ниетін түзету арқылы кішкентай істен үлкен сауап алуы мүмкін;
15) Көшет егу – ізгі іс;
16) Мұсылман өзінен кейінгілер де пайдалануы үшін жақсылық жасайды;
17) Өмірге налып, жағдайға шағымдана бермей амал-әрекет жасауға тырысу керек.