Спорт
"Барселона" жартылай финалда
16 сәуір әлемдегі футбол жанкүйерлерінің екіге бөлінген күні ретінде есте қалды. Себебі, әлемдегі «ең үздік» деп саналатын қос футболшы дәл осы күні жасыл алаңға шығып, өнер көрсетті. Бірақ, бұрыңғыдай аса тартысты өтетін Эль-класикода емес, Чемпиондар Лигасында доп тепті. Бірі – ағылшындардың қызыл сойқандарына қарсы күш сынасса, екіншісі Амстердамдық «Аяксқа» қарсылас атанды.
Барша футбол сүйер жандардың назары осы екі ойында болғандығы айтпаса да түсінікті. Бір мезетте басталған ойын өте тартысты өтті. Алдыменен, «Ювентус» пен «Аякс» арасында өткен ойынға шолу жасасақ. Амстердамда өткен алғашқы ойында қос команда мықтыны анықтай алмай, тең тарқасқан болатын. Тіркелген есеп 1:1. Жауапты ойында М.Аллегри шәкірттері бір гол салып, қорғаныста жата жастана ойнаса, жететін еді.
«Юветус» ойыншылары ойлағандарын іске асыра алды. Ойынның 28 минутында камерундық қақпашы А.Онана күзеткен қақпаға анау-мынау емес, Роналдудың өзі баспен гол салды. Екі ойынның қорытындысы бойынша есеп 2:1. Ойын дәл осылай аяқталса, келесі кезеңнің жолдамасы италиялық команданың қолдарында болар еді. Бірақ, бұл – футбол. Ойынның 34 минутында «Аякстың» жас жартылай қорғаушысы Донни Ван де Бек мороккалық Хаким Зиештің берген добын кәдесіне жаратып, есепті теңестірді. Сонымен, бірінші таймның қорытындысы бойынша есеп 1:1. Екінші таймда жанкүйерлер «Ювентусты» фаворит санап, қарсыластың қақпасынан саңлау табады деп үміттенді. Әсіресе, «Ювентус» жанкүйерлері арманға айналған «Чемпиондар лигасының» кубогін алып беру үшін «Реалдан» ауысқан Роналдуға үлкен сенім артты. Алайда, екінші тайм керсінше өрбіп, доп «Аякс» ойыншыларының аяғынан табылды. «Ювентус» қақпашысы В.Щенсныйдың ширақ қимылдауының арқасында талай доп кері қайтарылыды. Дегенмен ойынның 67 минутында М. Де Лигт гол салып, есепті еселеді. Осылайша, «Аякстың» жас ойыншылары тәжірибелі «Ювентус» ойыншыларын тізе бүктірді.
Ал Месси бастаған ұжым «Камп-ноу» стадионында ағылшындық «Манчестер Юнайтедті» қабылдады. Француздық «ПСЖ-дан» үйдегі ойында ұтылып, жауапты ойында қырағылық танытқан «МЮ» есебінен жаңылмай, «Барселонаны» ығыстырады деп күттік. Бірак, оған Месси көнсін бе? Ойынның 16 және 20 минуттарында екі гол салып, бірінші таймның өзінде «дубль авторы» атанды. Екінші таймда көптен бері көзге түсе алмай жүрген Коутиньоның қанжығасы майланып, 61 минутта гол салды. Қос ойынның қорытындысы 4:0.
Өкінішке қарай, «Ювентус» қанша тырысса да, «Чемпиондар Лигасының» кубогына қол жеткізе алар емес. Кезінде Дж.Буфон жетпеген биікке енді Роналдудың да жетуі екіталай секілді. Ал «Барсаның» аңыз ойыншысы Месси бастаған команда «Чемпиондар Лигасында» ары қарай жорығын жалғастыратын болады.
Сонымен, 16 сәуір жанкүйерлер үшін «Роналду ренжіткен, Мессидің мерейі артқан күн» болып есте қалды.