Bugin
Фото: Жасұлан Мәдиев. primeminister.kz
Мәжіліс Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кандидатурасына келісім берді. Бұл туралы Bugin.kz Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство хабарламасында:
"Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына Жаслан Хасенұлы Мәдиевтің кандидатурасы келісілді",-делінген.
Ж. Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін, Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы "Альянс Банк" АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс басқармасының маманы болып бастаған.
2007-2008 жылдары — "Қазына" тұрақты даму қоры» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық талдау және зерттеулер орталығында, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-да жұмыс істеді.
2009-2010 жылдары — "KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT" АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2010-2014 жылдары — "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқарушы директоры-мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары.
2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық банкінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.
2017-2018 жылдары — "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы, қаржы жөніндегі вице-президенті.
2018 жылы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ қаржы жөніндегі басқарма төрағасы болып тағайындалды.
2019-2020 жылдары — Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі.
2020 жылғы қазаннан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.