МӘДЕНИЕТ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
7 мамыр — Отан қорғаушылар күні. Жауынгерлік дәстүр жалғасын тауып осы күні Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. Bugin.kz редакциясы ел тыныштығын күзетіп, қауіпсіздік үшін қызмет етіп жүрген ержүрек азаматтар мен әйелдерге алғыс білдіреді. Мерекені тойлау дәстүрі жыл өткен сайын өзгеріп жатыр. Осы орайда Bugin.kz тілшісі Алматы халқынан мерекені қандай деңгейде тойлайтынын сұрап білді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылдың 7 мамырында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өту туралы Жарлыққа қол қойды. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз қолына алды. Дәл сол сәтте президенттен басқа, қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды.
Күнтізбеде қызылмен белгіленетін мерекелік дата 2012 жылдың 4 қазанында "мемлекеттік мереке" мәртебесін алды. Заңға сәйкес, 7 мамыр демалыс күні болып бекітілді.
Отан қорғаушылар күні ел аумағында түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді. Сауалнама кезінде кейбір тұрғындар бұл күнді атап өтпейтіндерін де жасырмады.
"7 мамырды тойламаймын. Біз сол 23 ақпанды тойлаймыз ғой. Кеңес кезінде қызмет еткен соң сол күн біз үшін ерекше ғой", - дейді қала тұрғыны.
Бұл күнді тек ерлер қауымының мерекесі деп санап, сый жасайтын қыздар да табылды. Айтулы күнді елеусіз қалдырмайтын кейбірі алдын ала дайындалатынын айтты.
"7 мамырды тойлаймыз, сыйлық беремін жыл сайын. Меніңше, 7 мамыр да 8 наурыз сияқты тиісті дәрежесінде тойлануы керек деп санаймын. Жігіттерге де көңіл бөлінуі керек қой", - дейді бойжеткен Асылзат.
Ал әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, ер адамдың 57%-ы өздерін құттықтайтынын және сый алатынын жеткізді. Ал 23% оқырман мерекенің лебі сезілмейтінін айтса, 20%-ы "Ерлер қауымына арналған" жеке мереке қосуды ұсынады.
Оқырмандардың арасында "Отан алдындағы борышымды өтемедім, "Соғысқа бармағанмын" және "Біздің мереке 23 ақпанда" деген жандар да кездесті.