Bugin

"Ағашқа соғылған": Бурабайда жасөспірім жедел жәрдем келгенше қайтыс болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Мәйіт. depositphotos.com

Бурабайға сыныптастарымен бірге дем алуға келген астаналық жасөспірім қайтыс болды. Ол велосипедпен арнайы жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

10 сыныптың 18 оқушысы ұстаздарымен бірге Астанадан Бурабайға демалуға келген. Балалардың бірнешеуі сол жерден жалға велосипед алып, 32 шақырымдық арнайы жолды жүріп өтпек болған. Бұралаңы көп веложолақ автокөлік жолымен қатар болғанымен, ортасы қоршаумен бөлінген. Екінші жағы қалың орман.

Достарымен бірге велосипедпен зулап келе жатқан жеткіншек бір қалтарыста тізгінге ие бола алмай, қатты екпінмен келіп ағашқа соғылған. Алған жарақатынан жасөспірім жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Қазір осы оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. Әзірге велосипедті жалға беретін жеке кәсіпкер рұқсатсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Сондықтан екі дөңгелекті техниканың қолданысқа жарамдылығы да тексеріліп жатыр. Орын алған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ақмола облысы ПД жетекші маманы  Әлия Біләлова:

"Алдын ала анықталғандай, кәмелетке толмаған бала велосипедті жалға алып, жүріп келе жатып ағашқа соқтығысқан. Алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Сараптамалар тағайындалды, тергеп-тексеру жалғасуда",,-деп айтты.