Bugin
Фото: newtimes.kz
Әлемдегі ең кедей елдер рейтингісінде Қазақстан төменгі орында екені анықталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл статистиканы Global Finance журналы жариялаған.
Орталық Азиядағы көршілері арасында "ең кедей елдер" тізімінде Қазақстан 128-ші орынға жайғасқан. 34 534 АҚШ долларын құрайтын жалпы ішкі өнім мен сатып алу қабілетінің паритеті бойынша біздің еліміз ең жоғары экономикалық мәртебеге ие. Сондай-ақ, осы рейтинг арқылы Қазақстан Орталық Азия республикалары арасында "ең бай ел" деп танылған.
Рейтингке сәйкес, Түрікменстан 101-ші орында тұрса, Өзбекстан мен Қырғызстан 67-ші және 48-ші орынға жайғасқан. Рейтингтегі Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең кедей мемлекет саналған - Тәжікстан. Ол 43-ші орында тұр.
Ал халық арасында "туристік мекенге" айналған Түркия Қазақстанды басып озып, рейтингте 140-орынға жайғасқан.
Ал тізім бойынша әлемдегі ең кедей елдердің бірі - Оңтүстік Судан. Екінші орында Бурунди мемлекеті болса, үштікті қорытындылаған Орталық Африка Республикасы.