Bugin
Фото: Әлия Жүсіпова, Bugin.kz
Бүгін, 15 мамыр – гимнастшы, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азияның абсолютті чемпионы Әлия Мақсұтқызы Жүсіпованың туған күні. Bugin.kz порталы әйгілі спортшы туралы деректер ұсынады.
Әлия Жүсіпова 1984 жылы Шымкент қаласында туған. Гимнастшы Мәскеуде олимпиадашылар дайындайтын атақты Ирина Винердің шәкірті болды.
Ол 2000-2005 жылдары халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған. Гимнастшы 2006 жылы Үндістанның Сурате қаласында көркем гимнастикадан Азия чемпионатына қатысты. Әлия Жүсіпова чемпионаттың 5 бірдей алтын медалін жеңіп алды. Ол алғашқы алтынды көпсайыста иеленді. Кейін доп, шығыршық, скакалка, лента секілді бағдарлама түрлерінің бәрінде жеңімпаз атанды. Әлия Қазақстан көркем гимнастика тарихында алғаш рет Азияның абсолютті чемпионы болды. Жүсіпова – көпсайыс түрінен әлемдегі ең үздік ондықтар қатарына енген алғашқы қазақ қызы.
Бұдан бөлек, Әлия Жүсіпова – әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше мәрте жүлдегері, командалық және жекелеген есепте Пусанда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері және Дохадағы Азия ойындарының жеңімпазы атанған.
Ол 2010 жылдан бері көркем гимнастикадан ҚР құрама командасының аға жаттықтырушысы болды. Дүниежүзілік дәрежедегі төреші атанды.
Әлия Мақсұтқызы сұхбаттарының бірінде спорттағы карьерасы туралы былай дейді:
“Өзімнің спорттағы карьерамды аяқтаған соң мен Жапония мен Италия елдеріне жұмысқа шақырту алдым, бірақ мен өз елім – Қазақстанда қалуды жөн көрдім. Өйткені өзімнің барлық жинаған тәжірибемді өзіміздің қыздарымызбен бөлісіп, ең бастысы өз еліме пайдамды тигізгім келеді. Мен еліме алғыс білдіремін”.
Спорт шебері Шымкент қаласында мамандандырылған мемлекеттік көркем гимнастика спорт мектебін ашқан. Қазіргі уақытта мектепте 400-ден аса қыз жаттығады.