Bugin
Фото: Bugin.kz
2024 жылдың 14 мамыр сағат 11:00-де Мемлекеттік тілді дамыту институтында “Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі” атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Семинар-кеңес жұмысының мақсаты: мектептер мен колледжердегі мемлекеттік тілді оқыту мәселесін талқылау. Мемлекеттік тілге бей-жай қарамайтын жандар тілді дамытуға қатысты осы шараға ой қосып, түйткілді мәселелерге көңіл бөлді.
Семинар-кеңес жұмысының негізгі бағыттары:
Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждердегі тілдік жағдаят;
Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждерге арналған мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы қазақ тілі: мазмұны, сағат саны
Үлгілік оқу бағдарламаларындағы білім мазмұны;
Педагогикалық колледждегі қазақ тіліне қатысты пәндер;
5-11 сыныптардағы қазақ тілі, факультатив сабақтар мен авторлық курстар;
Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждерде қазақ тілін оқыту мен тіл дамытуға қатысты өзекті мәселелер.
Дөңгелек үстелге республиканың әдіскер ғалымдары, мектеп басшылары мен “Қазақ тілі” пәнінің мұғалімдері, мемлекеттік тілді зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Атап айтар болсақ, Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Қыздар педагогикалық университеті профессоры Ермекова Тыныштық ханым кіріспе сөзді сөйлеп, семинардың модераторлық қызметін атқарды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі “Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты” республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Нүсіпжан Жеңіскүл Темірханқызы сөз сөйледі.
"Тереңдетілген мектептердегі қазақ тілін оқыту мәселесіне күрделі. Әсіресе, тереңдетілген мектептерде арнайы оқытылатын кітаптардың тапшылығын айтпасқа болмайды", - дейді мектеп директоры.
“Мемлекеттік тілді дамыту институтының” атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы “Жаңатылған бағдарламаны” жетілдіру жолдары туралы ой бөлісіп, ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ, шараға қатысқан басқа спикерлер де мемлекеттік тіл дегенде ойға оралатын өзекті мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынды. Тілді дамыту, мемлекеттік тілді қолдау – кез келген адамның борышы.