Bugin
Фото: Видеодан алынған скриншот
Шымкентте дүкен алдында тұрған бейтаныс әйелді теуіп, жұдырықпен ұрған ер адамға қатысты шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Шымкент сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушыға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады. Бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен ер адам бұзақылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеуге сотталған болатын.
"Аталған қылмыс ауыр емес санатқа жатады. Сотталғанның 3-ші топтағы мүгедектігі бар екені анықталды. Ол шын жүректен өкініп, кінәсін мойындап отыр, бұрын сотталмаған және қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған. Осыған байланысты сот алқасы бас бостандығын шектеу сотталғанның түзелуі үшін қажетті және жеткілікті жаза деп санады", - делінген сот мәліметінде.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда ер адам әйелін соққыға жыққанын хабарлаған едік.