Bugin

Батырхан Шүкенов туралы не белгілі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Бүгін, 18 мамыр – белгілі эстрада әншісі, сазгер Батырхан Шүкеновтің туған күні. Bugin.kz тілшісі әнші туралы деректер ұсынады. 

Қазақстандық және ресейлік әнші Батырхан Шүкенов 1962 жылдың 18 мамырында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әнші жастайынан әнге қызыққан. Ол Қызылордадағы Островский атындағы №233 орта мектепте музыка үйірмесіне қатысады. Бірақ Батырхан Шүкеновтің әкесі ұлының өнер адамы болуын қаламаған. Ол әкесінің "әнші болғасын, бірінші орындағы әнші болу керек" деген талабын орындаған перзент болды. 

Батырхан Шүкенов Ленинградтағы Надежда Крупская атындағы мәдениет институтына саксофонның оркестрлік бөлімінде екі жыл білім алады. 1981 жылы Шүкенов Алматыдағы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекеттік консерваторияға ауысады. 1985-1986 жылдары ол Кеңес одағының әскері қатарында әскери қызметін атқарған. Мұнда да оркестр құрамында болды.

Ол студент кезден “Алма-Ата" тобының мүшесі болды. Батыр бұл ұжымның фронтмені еді. Кейін топтың аты "A-Studio" болып өзгереді.

2000 жылы әнші этникалық музыкаға оралу үшін топтан кетеді. Ал 2002 жылы Батыр өзінің алғашқы жеке альбомы "Отан ананы" жарыққа шығарды.

Батырхан Шүкеновтің соңғы альбомы 2013 жылы шыққан. Сол жылы “Россия-1” телеарнасындағы “Живой звук" телебағдарламасының жеңімпазы болды. 

Батырхан дүниеден озбас бұрын анасы түс көрген. Дилара Шүкенова өз естелігімен бөлісті.

"Түсіме күйеуім, Батырханның әкесі кірді. Ол өзімен бірге біреуді қолынан ұстап, алып кетті. Мен олардың артынан жүгірдім. Күйеуімнің кімді алып кеткенін көргім келді. Бірақ біле алмадым. Кейін әкесінің Батырханның артынан кеткені белгілі болды". 

Әнші 2015 жылдың 28 сәуір күні жүрек талмасынан қаза болды. Марқұм Алматыда жерленді. 

Халық сүйікті әншісін соңғы сапарға шығарып салды. Астаналықтар Есіл жағалауына жиналып, сүйікті әншінің әндерін орындап, еске алды. Ал алматылық тыңдармандар "Арман" кинотеатрының алдына жиналды.

2015 жылдың 1 мамырында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония ғимаратында Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі өтті.