Bugin
Фото: видео скрині
Атырау облысынындағы егін алқаптарын су басты. Биылғы тасқыннан Атырау шаруалары көп зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан Индер, Махамбет және Жылыой аудандарында 50-ге тарта шаруашылықтың биыл еккен егіндері су астында қалды. Атап айтқанда, Махамбет ауданында 35 гектар алма бағы суда қалса, тағы бір шаруашылықтың 12 гектар егіс алқабын су шайып кетті.
Сондай-ақ қала іргесіндегі жеке шаруалар мен саяжай иелерінің өнімсіз қалатын түрі бар. Биыл Атырау облысы бойынша 350 шаруашылық 10 мың 800 гектар алқапқа тұқым сепкен болатын. Олардың басым бөлігі Жайық өзенін жағалай орналасқан.
"Жылыой ауданында 7 қожалықтың егіс алқабын су басты. Судың деңгейі, қарқыны әлі тоқтаған жоқ. Қазіргі уақытта суға кеткен аймақтар әлі анықталған да жоқ. Суға кеткен шаруа қожалықтырына келген залал шығындарды өтеу мақсатында АШМ ережесі шыққан, ол 17 мамырда бекітілді. Соған сәйкес тиісті құжаттар жинақталып, арнайы комиссия құрылады", - дейді облыстық АШБ, егін шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Азат Қапанов.