Bugin

Рекорд орнатты. Қазақстандық спортшы әлемде ешкім алмаған ұпайды алды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Нариман Курбанов. olympic.kz

Ташкентте өткен спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық Нариман Курбанов топ жарды. Ол гимнастикалық ат снарядында жиған ұпайы бойынша рекорд орнатты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Курбанов гимнастикалық ат снарядында үздік шықты. Ол аталған жаттығуда 15.600 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. 

Нариман өзінің жетістігі туралы:

"Ташкенттегі жарыс жоспар бойынша өтті. Ұзақ уақыттан бері алғаш рет мен жарысты ешқандай жарақатсыз бастадым. Бұл қуантпай қоймайды, әрине. Іріктеу кезеңінде мен жаңа рекорд орнатып, 15.666 ұпай алдым. Әлемде мұндай ұпайды әлі ешкім алған жоқ. Финалда да жақсы ұпай жинадым – 15.600. Қарсыластарымнан оқ бойы озып кеттім. Азия чемпионаты алдында қойған мақсат толығымен орындалды. Командаға мейлінше көп ұпай, өзіме алтын медаль алдым. Бұл Азия чемпионаты Олимпиадаға іріктеу саналғандықтан, гимнастикалық ат снарядында құрлықтың кіл мықтылары бақ сынады",-деп айтты. 

Бұл спортта азиялық спортшылардың нәтижесіне бүкіл әлем көз тігеді. Олимпиадада азиялық спортшылар жиі топ жарады. Нариман бұл туралы: 

"Бәсекелестік өте жоғары болды. Алайда, менің үш басты қарсыласым іріктеуде қате жіберіп, финалға өте  алмады. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегері Ли Чи Кай бар.  Финалда мен бар күшімді салдым, өйткені, Азия өкілдері Олимпиада жүлделерінің басым бөлігін алатындықтан, бар әлем бізді бақылап отырды. 

Енді Болгарияда тағы бір турнир өтеді. Бұл жарыс Олимпиадаға дайындық кезеңінің бір бөлігі ретінде болмақ", - деді.