Bugin
Фото: Vlast.kz
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ форматының өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Министр ұлттық бірыңғай тест тапсырудың жаңа форматы пилот жоба ретінде 2025 жылы іске қосылатынын айтты. Себебі министр әлемнің көп елінде тестілеуді алып тастау мәселесі қызу талқыланып жатқанын мәлімдеді.
"Мәселен АҚШ пандемия кезінде стандартты тестті алып тастады және университеттер өте күрделі мәселеге тап болды. Орталықтандырылмаған оқуға түсу жүйесіне қарамастан, кем дегенде студенттерді бағалау, салыстыру және іріктеу үшін қандай да бір стандарт қажет", – дейді Саясат Нұрбек.
Министр мәліметінше, 2021 жылдан бастап дүниежүзілік банктің қолдауымен ҰБТ форматын қайта құру және ең бастысы – тест сұрақтарының мазмұнын түбегейлі қайта өңдеу бойынша үлкен жобаны іске қосқан.
"Алдыңғы жылы біз екі бағыт бойынша жұмыс істедік. Біріншісі – жаңа формат бойынша тест дайындау. Барлық сұрақтарды мазмұнды түрде қайта қарау керек болды. Өткен аптада бұл компонент аяқталды. Тест дайындауды әлемге әйгілі француз компаниясы жүргізді. Жаңа модель бойынша 350 тестолог дайындалды", – деді министр.
Министр осы жылдан бастап үлкен пилоттық жобаға дайындықты бастайтынын айтты.
"Біз пилот жобаны келесі жылы бастаймыз. Жоба ҰБТ форматын бірден өзгертпейді, белгілі бір пилоттық режимде іске қосылады. Бірте-бірте біз SIT халықаралық стандартына көшеміз, онда әр талапкердің өзі тестілеу орнын, уақытын таңдайды, дайындалады, тапсырады, сертификат алады, сонымен оқуға түседі", – деді министр.