Bugin

“Фазендадан құлдықтан қашып шықтым": 5 жыл құлдықта болған әйелдің беймәлім тағдыры

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Әйгерім. Гүлмира Әбіқайдың парақшасынан

"Дау-дамайсыз" бағдарламасының жүргізушісі Гүлмира Әбіқай сұмдық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі.

Журналист желіде әлеуметтік мәселелер туралы блог жүргізеді. Ол Instagram парақшасы арқылы көптеген адамдарға көмек қолын созып жүр. Тіпті жылу жинап, мұқтаж жандарға қаржылай көмек те береді. Ол оқырманынан тосын хабарлама алған. Журналист бұл туралы:

"Фотодағы әйелдің есімі Әйгерім. Өзі: “фазендадан құлдықтан қашып шықтым, 5 жыл жүрдім. Жетісу облысынанмын, 87-ші жылғымын. Әкем Қайрат, Аидана деген әпкем бар”,-деген. Таңғы сауыннан соң сағат 5-терде шыққаннан ертеңіне кешкі 5-те Алматы облысындағы саяжайдың шеткі үйіне келіп тоқтапты.
Айман есімді оқырманым бейтаныс әйелдің сөзіне әрі сеніп, әрі шошып “полиция шақырайын” деп еді, ол селк ете түсіпті. Ол: "су беріңізші!",- деген.
Үйден су әкеліп шыққанша, құлдықтағы әйел із-түзсіз жоғалған.
Үйде жалғыз өзім кішкентай балалармен отырған соң, кіргізіп тамақ беруге бір шетінен қорықтым деп ағынан жарылды оқырманым. Жөні-сөзі түзу, тек әбден қажыған, шалбары мен аяқ киімі әбден балшық екен.
Бәлкім, менің полиция шақырайын дегенімді естіп қайта апарып тастай ма деп шошыған сияқты деп қорытты сөзін Айман. Әйгерім аман-есен үйіне жетті ма екен деген ой мазалайды",-деп жазды.

Журналист Жетісу және Алматы облысының полиция департаменттерінен көмек сұраған. Гүлмира Әбіқайдың парақшасындағы оқырмандары да еңбек құлдығының әліге дейін жойылмағаны туралы наразылық білдірген.