Bugin
Фото: dzen.ru
Түркістан облысында мәйіті арықтан табылған жасөспірімнің ісіне қатысты аппеляциялық сот үкімі шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
9-сынып оқушысы Аружан Орынбай есімді бойжеткеннің денесі Төрткүл ауылындағы арықтан табылған. Күдікті ретінде 18 бен 20 жастағы ер адамдар ұсталған. Айыпталушылар Тасқын Төлепберген мен Бейбарыс Берік қыздың көзі тірі кезінде одан жалаңаш суретін жариялаймыз деп ақша бопсалаған. Алайда жанжал соңы өліммен аяқталған.
Сол кездегі жоғары сыныпта оқып жүрген Бейбарыс есімді айыпталушы Аружанға екі рет пышақ сұғып, арыққа лақтырып жіберді деп күдікке ілінген. Ал қылмыскермен кездесуге көндірген Тасқын Төлепберген болып шықты. Ең өкініштісі қыз бала жараланған соң қансырап 7 сағат бойы жатқан. Қыз баланы бүкіл ауыл адамдары іздеуге шығып, кейіннен оның мәйітін өз үйінің дәл артынан, арықтан табылған болатын.
“Прокурор Аружанды пышақтап өлтірді деген Бейбарысты 20 жылға бас бостандығынан айыруды, оның сыбайласын 8 жыл түрмеге тоғытуды сұрады. Алайда, алқабилер қатысуымен өткен апелляциялық сот шешімі бойынша Бейбарыс 16 жылға, Тасқын 3 жылға бас бостандығынан айырылды”, – делінген сот хабарламасында.