МӘДЕНИЕТ

“Алтын адамды” тапқан археологтың туғанына 100 жыл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Бүгін, 23 мамыр – археолог, көрнекті ғалым, Кемел Ақышевтің туған күні. Bugin.kz порталы ел тарихына елеулі үлес қосқан тұлға туралы қызық деректерді ұсынады. 

Кемел Ақышев 1924 жылы 23 мамырда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Ұлы Отан соғысының ардагері.

Ғалым 1954 жылдан бастап Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстары, Жетісу археологиялық экспедициялардың  ұйымдастырушысы және жетекшісі болды. 

Ол көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерін, әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған “Алтын адам”, Бесшатыр, Отырар жәдігерлерін зерттеген. 

Кемел Ақышев 1969 жылы Есік қорғанынан “Алтын адамды” тапты. Күллі әлемнің назарын аударған бұл жаңалық төл тарихымызда мәңгі таңбаланып қалды. Сақ өркениетінің айнымас айғағына айналған “Алтын адам” – қазақ тарихының ажырамас бөлігі.

Ол ғалым, археолог ретінде Орталық Азия өркениетінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Оның айналымға қосқан 220-ға жуық ғылыми еңбегі, соның ішінде 14 монографиясы бар. 

Кемел Ақышев – төл тарихымыз үшін ғана емес, әлемдік тарих үшін еңбек еткен археолог. 

Сондай-ақ Ақышев Орталық Қазақстанның археологиялық нысандарын зерттеу жұмысына да белсене араласты. Ол ХХ ғасырдың 40 жылдары Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Беғазы, Сангру деп аталатын қола дәуірінен қалған ескерткішкерді зерттеуге атсалысты. Ал ғылымдағы дара жолы Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы тың және тыңайған  жерлерді зерттеуден басталған еді.