Bugin

Танымал журналист есімі аңызға айналған тұлғаның жұмбақ өлімі туралы айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Күләш Байсейітова. Данияр Есеннің парақшасынан алынды

Журналист Данияр Есен Instagram желісіндегі парақшасында Күләш Байсейітованың жұмбақ өлімі туралы жазба жариялады, -деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі.

Жезтаңдай әнші 1912 жылы Қарқаралы уезінде дүниеге келген. Шын есімі – Гүлбахрам. Ол 12 жасында Алматы қаласына келіп, интернатта білім алған.

Журналист әншінің құпияға толы өлімі туралы:

"Небәрі 24 жасында “СССР-дің Халық Артисі” атанған әнші туралы аңыз да көп, әпсана да көп. “Сталинмен қарым-қатынасы болған” деген алып-қашпа әңгімелер де әлі күнге дейін ел аузында жиі айтылады. Әншінің жұмбақ өлімі бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірді. Оның өлімін Сталинмен, НКВД-мен байланыстыратындар да бар",-деп жазды.

Күләш Байсейітова талантымен ерте жастан-ақ танылған. Оның білім алу жолы туралы Данияр Есен:

"18 жасында Қызылордада құрылған театр студиясына түсіп, оны бітіргеннен кейін Музыкалық театрға (қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына) жұмысқа қабылданады.

Көптеген рөлді шебер орындап, жұртқа таныла бастайды. Күләш Байсейітова әнші Қанабек Байсейітовпен шаңырақ көтерді.

Әншінің үш қызы болды: Құралай, Қарлығаш және Қаршыға. Өкінішке қарай Қаршыға балабақшада уланып қайтыс болды. Содан кейін қандай да бір сағынышты басу үшін Күләш әпкесінің қызы Раушанды асырап алды. Раушан  Күләш қайтыс болғаннан кейін жетістікке жетті: балет солисі атанып, Қазақ ССР Халық Артисі атағын алды",-деп жазды.

"Өнер адамдарының өмір жолы ауыр болады" деген тұжырым Күләштің өмірінен айналып өтпеген. Бұл туралы тележүргізуші:

"Өкінішке қарай Күләштің күйеуі Қанабекпен ара қатынасы шиеленісті болды. Шығармашылықта олар бір-бірін тамаша толықтырғанымен, өмірде Қанабек тарапынан түсініспеушіліктер көп болды. Қыздарының бірінің айтуынша, Қанабек Күләш қайтыс болғаннан кейін бірден басқа әйелге үйленген.

1957 жылы әнші Күләш Байсейітова гастрольдік сапармен Мәскеуге барады. 1-2 күн алдын Қанабек Алматыға кетіп қалған.
6 маусым күні қонақүйдегі ванна бөлмесінен Күләштің өлі денесі табылады.

Бұл туралы Қанабек естелігінде: “Ваннаның қасына жетіп, жақтауына сүйенген күйі отыр дейді. Құламапты, тірі адамдай сүйеніп қана отыр екен”,-деп айтады. Дәрігерлер миына қан кеткен деген анықтама береді",-деп жазды.

Есімі тарихта мәңгі қалған әнші 45 жасында өмірден өткен.