Bugin
Фото: freepik.com
Құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваға наурыз айынан бастап кәмелетке толмаған 17 қыздан зорлыққа ұшырағаны туралы хат келген, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Адвокат бұл ақпаратты әлеуметтік желіге жариялады. Ләззат Рақышеваға 10 жас пен 17 жас аралығындағы қыздар хат жолдаған. Сол себепті құқық қорғаушы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға хат жолдады. Хатта зорлық-зомбылық белең алып тұрғаны, тезірек шара қолдану керектігі жазылған.
“ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат Ұлттық комисссиясының және “Samruk-Kazyna Trust” қордың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан “One-Stop-Service” жобасының аясында бізге “зорландым, қорлады, буллингке ұшырадым …” деген шағыммен кәмелетке толмаған балалар көптеп хабарласуда. Балаларға қатысты зорлықтың тым қатты белең алып бара жатқаны бізді алаңдатады”, - дейді адвокат.
Ләззат Рақышева бұл мәлесені шешу керектігін айтты.
“Осыған орай біз сізден кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты зорлыққа қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тартуға, қолданыстағы заңнама шеңберінде оларға қатысты тергеу жүргізіліп, шара қабылдануына ықпал етуіңізді және материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауыңызды сұраймыз”,- делінген хатта.